УЕФА Чемпиондар Лигасы қалай пайда болды?

Плей-офф ойындары басталды дегенше, түнгі ұйқымен қоштастым дей беріңіз.

УЕФА Чемпиондар Лигасы қалай пайда болды?

 Осы аптада араға ұзақ уақыт салып, кәрі құрлықтың басты доп додасы қайта жалғасын тапты. Түнгі 2-де болса да, көпшілік тапжылмай көретін футбол спектаклін күтпеген жан кемде-кем. Осы орайда аталмыш турнир қалай пайда болды деген сауал да көкейге оралатыны рас.⠀

1954 жыл. Клубтар арасында ешқандай жарыс ұйымдастырылмайтындықтан, әр жолдастық кездесулердің нәтижелері үлкен жаңалық ретінде қабылданатын. Сол уақытта ағылшын чемпионы «Вулверхэмптонға» ешқандай қарсылас шақ келмей тұр еді.⠀

Алғашында КСРО-ның «Спартак» клубын 4:0 есебімен ұтуын газеттер «Спартакқа» орақ пен балға қадалды деп келемеждесе, кейіннен Шотландияның «Селтигі», Аргентинаның «Расингі», Израильдың «Маккабиін» 10:0 есебімен талқандады. Енді қалған Венгрияның жеңімпазы «Гонвед» болатын. Ференц Пушкаш жарқылдап жүрген сәтте олар оңай шағылар жаңғақ емес еді. Оның үстіне 1953 жылы Венгрия «Уэмбли» стадионында Англияны 6:3, өз жерінде 7:1 нәтижесімен ойсырата жеңген. Сондықтан «Гонведті» ұту кәрі құрлықта бейресми «ең мықты клуб» саналатын. Ойын өте керемет өтті. Алғашқы таймда 2 гол соқса да, Пушкаш бастаған венгрлер 3:2 есебімен жеңіліп қалды. Ол жайында Англия баспасөздері біраз шулап, тіпті Daily Mail газеті «Вулверхэмптонды» клубтар арасындағы әлем чемпионы деп жазды.

Оған жауап ретінде Франция газеттері «Вулверхэмптон» әлі жеңімпаз емес! Біріншіден, олар қарсыластарын өз жерінде ғана ұтса, екіншіден, «Милан», «Реал» сынды клубтармен әлі күш сынасқан жоқ деп үн қатты. Ендігі мәселе, «Еуропа клубтары тек жолдастық кездесулермен емес, әлем чемпионаты секілді форматпен ойнауға тиіс» - деген француз журналисі Габриэль Ано ресми түрде Чемпиондар лигасының алғашқы нұсқасын жұртқа жария етті.⠀⠀

Чемпиондар лигасының форматы кімнен алынды?⠀

Шын мәнінде Чемпиондар лигасының алғашқы нұсқасы 1948 жылы Оңтүстік Америкада пайда болған. «Ривер Плейт», «Насьональ», «Васко да Гама», «Депортиво Мунисипаль» (Перу), «Литораль» (Боливия), «Эмелек» (Эквадор), «Коло-Коло» (Чили) командалары бас қосқан алғашқы чемпионатта Бразилияның «Васко да Гамасы» жеңімпаз атанды. Осы идеяны алған кәрі құрлықтың УЕФА-сы 1955 жылы Чемпиондар Лигасын бастап кетті. Әттеген-ай дейтін тұсы, турнирге тек 16 клуб қатысты.⠀

Ол жайында «Реалдың» жартылай қорғаушысы Франсиско Хенто «алғашында қандай турнир, не үшін ойнап жатқанымызды білмедік. Тек алаңға шығып қарсыластарымызды ұттық. Финалда «Реймсті» 4:3 есебімен жеңген соң ғана маңызы бар кубокті ұтқанымызды сезіндік» деп пікірін білдірді.⠀⠀

Өкінішке қарай, осы турнирді бастаған Габриэльдің есімі бүгінде еш жерде аталмайды. Тіпті туған Франциясы футболшының есімін бір стадионға, көшеге, мектепке беруді де құп көрмепті.

 Қанат Байұзақов

1 пікір

  1. Біреу

    Біреу

    20.02.2021 00:19