УЕФА президенті Александр Чеферин Қазақстанға арнайы келіп, “Қайрат” клубының спорттық базасында болды.
Құрметті мейманды ең алдымен академияның жас ұжымдары – “Қайрат” U-15, WU-17, сондай-ақ көру қабілеті шектеулі спортшылардан құралған Kairat Blind Football командасы қарсы алды. Жас футболшылар қонақпен Ағылшын тілінде амандасып, клуб атынан естелік сыйлықтар тарту етті.
Чеферин сапар барысында негізгі құрамның және “Қайрат-Жастар” командасының жаттықтырушыларымен тілдесіп, клуб иесі Қайрат Боранбаевпен кездесті. Қонаққа барлық инфрақұрылым көрсетілді: ойыншыларға арналған тұрғын үй, асхана, заманауи жаттығу залы мен медициналық орталықтар.
УЕФА басшысы: “Жасөспірімдер үшін жасалған жағдайдың өзі Еуропаның жетекші клубтарымен тең.” – деп баға берді. Бұл пікір “Қайрат” базасының халықаралық стандарттарға сай екенін дәлелдейді.
Сапар соңында Александр Чеферин “Қайратты” өткен маусымдағы жетістіктерімен құттықтады. Ол клубтың чемпиондық атағын және Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шыққанын атап өтіп, ұлттық және халықаралық деңгейде сәттілік тіледі.