Уэйн Руни: “Мен алқаш емес едім, бірақ шектен тыс іштім. Колин болмаса, тірі жүрмес едім”

25.09.2025, 07:00

Ағылшын футболының аңызы, "Манчестер Юнайтед" пен Англия құрамасының бұрынғы капитаны Уэйн Руни өз өміріндегі ең ауыр кезеңдер туралы ашық айтты. Оның сөзінше, алкогольмен күрес кезінде әйелі Колиннің қолдауы болмаса, бүгінде тірі жүрмес еді.

Уэйн Руни: “Мен алқаш емес едім, бірақ шектен тыс іштім. Колин болмаса, тірі жүрмес едім”

39 жастағы Руни кәсіби футболшы болып жүрген жылдары ішімдікке қатты әуестенгенін мойындады.

"Мен шын айтамын, Колин болмағанда, қазір тірі болмас едім. Өмірімде көп қателіктер жібердім, оларды бәрі біледі. Бірақ мен кейде өзгеше күйде жүретінмін, сол кезде Колин мені қайта жолға салып отырды. Бұл жағдай жиырма жылдан бері жалғасып келеді." – деді ол Рио Фердинандтың подкастында.

Руни ішімдікке тәуелділігін "бұрынғы футбол өмірінің ең ауыр сынағы” деп сипаттайды. Ол кейде екі күн қатарынан тоқтамай ішіп, сосын жаттығуға келіп, гол соға беретінін айтады.

"Мен ешкімге сыр айтқым келмеді. Ешкімді мазалағым да келмеді. Сондықтан барымды ішіп тастайтынмын, сосын қайта жаттығуға шығатынмын." – дейді ол.

Руни өзін “алқаш емеспін, бірақ шектен тыс ішетінмін.” деп санайды:

"Екі күн демалыс болса, екі күн бойы ішетінмін. Сосын көзге арналған тамшы, сағыз, ауыз шайғышпен түрімді түзеп, жаттығуға шығатынмын."

Ол футболшы карьерасын аяқтаған соң бапкерлікке бет бұрды, соңғы клубы – "Плимут Аргайл", бірақ былтыр желтоқсанда командадан кеткен.

Руни үш жыл бұрын BBC-ге берген сұхбатында да Колиннің өміріндегі рөлін ерекше атап өткен:

"Колин кей сәттерде кетіп қалуы мүмкін еді. Бірақ ол мені тастамай, бірге қалуды таңдады. Біз бір-бірімізді шын сүйеміз."

Бүгінде Руни ішкі жан күйзелістерін ішімдікпен емес, сөйлесу арқылы шешуді үйренгенін айтады.

"Адамға ашылып, сезіміңді айту – бұл да ем. Бұрын мен оны жасамадым, бәрін ішімде сақтадым. Сол жинақтала келе қиындыққа әкелді." – дейді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 10
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×