Украина құрама командасының бас бапкері Олег Блохин шымылдығы ашылғалы тұрған Еуропа кубогының алдында баспасөз өкілдеріне өзінің алға қойған мақсатымен бөлісті. Атақты футболшы, осы күнгі бапкердің пікірінше украиналықтар да кубокты жеңуге толықтай мүмкіндіктері бар екен.
«Мен бас бапкер болып Украина құрамасын тұңғыш рет Әлем біріншілігіне шығарған едім. Ал енді Еуропа кубогының финалдық кезеңіне қатысқалы отырмыз. Кезінде аяқдопшы болғанымда Еуроның ақтық кезеңіне шықпаған болатынмын. Бұл мен үшін өте сындарлы, абройлы кездер болмақ. Сондықтан да, командамның әдемі, нәтижелі өнер көрсетуі үшін қолдан келгеннің барлығын жасайтын боламын» - деді бас бапкер Олег Блохин.
Украина чемпион болуы мүмкін бе деген сауалға «алтын доптың» иесі салмақты түрде жауап қатты. «Украина чемпион болуы әбден ықтимал. Осыдан 8 жыл бұрын Грекия чемпион болады деп кім ойлады?! Мысалға Ресей құрамасы Голландияны ширек финалда жеңді емес пе? Еуроға қатысатын 16 ұжымның бәрінің де кубокты жеңуге мүмкіндігі бар», - деді Блохин мырза.
Осының алдында хабарланғандай Олег Блохин баптайтын Украина құрама командасы өз жерінде өтетін дүбірлі доп додасына Швеция, Франция, Англия секілді ұжымдардың арасынан плэй-офф сатысына шығуда мақсат тұтқан болатын.