Ұлттар Лигасында Қазақстанның негізгі қарсыласы кім? Фарер аралдарынан есе қайтара аламыз ба? Тәжірибелі маманның пікірі

Бүгін, 13:27

Болат Есмағамбетов «Аладоп.кз» сайтының тілшісі Мұрат Мұқашұлына берген сұхбатында Ұлттар Лигасында Қазақстанмен бір топқа түскен қарсыластарына жеке-жеке тоқталып, пікірін айтты.

Ұлттар Лигасында Қазақстанның негізгі қарсыласы кім? Фарер аралдарынан есе қайтара аламыз ба? Тәжірибелі маманның пікірі
Қазақстан құрамасының жаттығуы

Танымал маман аталған квартеттегі фаворит пен аутсайдерлер жайындағы ойымен де бөліскен. Қазақстан ҰЛ-да Словакия, Фарер аралдары және Молдова құрамаларымен өнер көрсетеді.

«Біздің топтағы айқын фаворит – Словакия. Олар наурызда Косовамен ойнайды. Одан ары өтсе, Түркия – Румыния жеңімпазымен жолығады. Яғни, Словакия Еуропалық тоғыспалы матчтар арқылы ӘЧ-ге шығу мүмкіндігіне ие. Словактардың көп футболшылары топ-лигаларда ойнайды. Бұл командамен бәсекелесу қиын болады. Фаворит – Словакия, Қазақстан 1-2-орын үшін солармен таласқа түспек. Одан кейін Фарер аралдары мен Молдова. Фарерліктер бір сенсация жасады ғой: өз алаңында Чехия және Черногорияны ұтты. Бұл матчтарды көрдім. Оларда да жасанды алаң. Ауа-райы өте нашар, жауын-шашын, желі бар. Чехия мен Черногорияға осы факторлар біраз әсер еткені анық. Одан кейін Фарер құрамасы жүйелі, тәртіпті футбол ойнайды. Жолдастық ойында олардан 1:0 ұтылдық. Ойынның есебі толықтай заңды деуге болады. Иә, әрине, Қазақстанның ол кездесуге неігзгі футболшыларынсыз шыққанын да ескеру керек. Өз алаңында ойнайтын команда. Бұл жағынан Фарер құрамасы бізге ұқсас. 5-4-1 жүйесімен, қорғаныс арқылы ойнайтынын да атап өтуге болады. Осыдан шамамен 3 жыл бұрын Фарер аралдары футбол федерациясына жаңа президент келген. Оларда қазір футбол қарқынды даму үстінде. Жаңадан алаңдар салынып жатыр. Балалар футболына көп көңіл бөлуде. Фарер аралдарында бұрын клубтар жартылай кәсіби болатын, ал қазір толық кәсібиленуде. Талантты футболшылары басқа чемпионаттарға кетіп жатыр. Біздің топтағы ең осал команда – Молдова деуге болады. ӘЧ-ге жолдамасының Еуропалық іріктеуінде Норвегия тас-талқан етіп еді (екі матчтағы есеп 16:1). Жалпы, дәл қазір Еуропадағы ең осал команда осы Молдова меніңше. Қорыта айтқанда 1-2 орынға таласатын Словакия мен Қазақстан. 3-орынға Фарер аралдары мен Молдова бәсекеге түспек. Десе де, мұндағы айқын аутсайдер молдовалықтар. Олар тағы да ұшып кетуі мүмкін төменгі дивизионға. Енді Фарер аралдарының командасы жоғары орындарға таласып қалуы да кәдік. Олай болмаса екен деп тілейміз. Әйтсе де, соңғы ойындарына қарасақ, әлеуеті байқалады. Біздің команда да ақырындап күшеюде, алдында Бельгиямен тең түсті. Шабуыл шебінде жақсы-жақсы футболшылар шығып жатыр, - деді Б. Есмағамбетов.

Қазақстан Ұлттар Лигасының 2026-2027-жылғы маусымының  С лигасының 3-тобында бақ сынайды. Турнир іріктеуіндегі бірінші тур ойындары 24-26-қыркүйекте өтеді.             

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×