
Қазақстан құрамасы ӘЧ-2026 іріктеуінің алғашқы матчтарына соңғы дайындығын пысықтауда.
Бас бапкер міндетін атқарушы Әли Әлиев Уэльс және Лихтенштейн құрамаларымен өтетін матчқа дайындық жайлы айтты.
«Дайындық жұмыс жоспары бойынша жүріп жатыр. 17 наурызда шетелде ойнайтын футболшыларымыз келеді. Бәріміз бірге алдымен Уэльс, сонан соң Лихтенштейн құрамаларына дайындықты пысықтай түсеміз. Футболшылардың денсаулығына уайымдайтын себеп жоқ.
Өкінішке қарай, Рамазан Кәрімов пен Роман Асранқұлов қатардан шығып қалды, себебі олар клубтарынан аздаған жарақатпен келген болатын.
Бақтиер Зайнутдиновтің де жарақаты бар, алайда ойыншымыз қатарға 17 наурызда қосылып, қосымша медициналық қаралымнан өтеді. Біздің дәрігерлер оны толық тексереді. Қаралымның қорытындысы бойынша алдағы ойындарға қатысу-қатыспауы туралы шешім қабылданады.
Жиынға келген жігіттердің ынтасы зор, сол себепті олар алдағы ойындарға қатыса алмайтын командаластарын алмастыра алады. Футболшылар жаңа талаптарды жасыл алаңда орындауға дайын», - деді отандық маман.
Айта кетейік, ұлттық команда ӘЧ-2026 іріктеуінде J тобында Бельгия, Уэльс, Солтүстік Македония және Лихтенштейнмен шеберлік байқаспақ. Алғашқы екі турда Қазақстан Лихтенштейн және Уэльске қарсы кездесу өткізеді.
Біздің серіктес: FONBET