Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі шешуші кездесулердің алдында елеулі шығынға ұшырады. Команданың негізгі шабуылшысы Максим Самородов алдағы Солтүстік Македонияға қарсы ойында алаңға шыға алмайды.
Бұл шектеуге оның Лихтенштейнмен өткен (4:0) матчтағы ескертуі себеп болды. 23 жастағы футболшы сол ойында сары қағаз алып, іріктеу кезеңіндегі екінші ескертуіне тап болды. Ереже бойынша, бұл жағдайда келесі матчта алаңға шықпайды.
Осылайша, Самородов 13 қазан, дүйсенбі күні өтетін Солтүстік Македониямен сырт алаңдағы кездесуге қатыса алмайды.
Айта кету керек, Максим Самородов соңғы уақытта гол соғу жағынан да қиын кезеңді бастан өткеріп жүр. Ол клуб және ұлттық құрама сапында қатарынан 23 ойын бойы нәтижелі соққы жасай алмай келеді. Соңғы голын шабуылшы мамыр айында тіркеген болатын.