Ұлттық құрама Түркияға аттанды

31.08.2011, 16:07
Ұлттық құрама Түркияға аттанды
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы бүгін Түркияны бетке алады. Ал кеше Мирослав Беранек жаттықтыратын командамыз Талғардағы базасында ашық жаттығу өткізді. Соңынан чех маманы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізіп, алдағы Түркия мен Әзірбайжан құрамаларына қарсы бәсекелер жайында пікір алмасты.
Әрине, ұлттық құрамамыз 2012 жылы Польша мен Украина елдері қабылдайтын құрлық біріншілігіне берілер жолдамадан үмітті деп айта алмаймыз. Дегенмен осы чемпионаттың іріктеу кезеңі аясындағы қалған төрт кездесуде мүмкіндігінше көбірек ұпай жинап қалу Мирослав Беранек бастаған жігіттеріміз үшін аса маңызды мәселе саналады. Алдағы екі ойынға тоқталсақ. Әлбетте азулы Түркия командасын өз жерінде ұту аса қиын, тіпті дәл қазіргі жағдайымызда мүмкін емес те шығар. Дегенмен футбол тарихында не қилы қызықтар орын алып жататыны мәлім. Сондықтан оқиғаның алдына шыға алмасымызды мойындап, статистикаға назар аударайық. Біздің құрама Түркия командасымен бұған дейін үш рет кездесті. Ең алғаш 2004 жылы Сергей Тимофеев жаттықтырған тұста Қазақстан мен Түркия құрамаларының жолы 2006 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде қиысты. Өзара бәсекенің басы қыркүйек айында Түркия жерінде басталып, онда алаң иелері 4:0 есебімен жеңіске жетті. Қаратеңіз Көктеңіз, Нихат Кахвежи бір-бір реттен, Фатих Текке екі мәрте Юрий Новиков пен Андрей Морев кезектесе қорғаған қақпамыздан саңлау тапқан болатын. Ол кезде түріктерді Ерсун Янал баптайтын.
2005 жылдың маусым айында Алматының Орталық стадионында өткен жауап ойынды (дәлірек айтсақ, масқараны) біздің ұмыта қоймасымыз анық. Өйткені бұл кездесуде түріктер Қазақстан құрамасының қақпасына алты бірдей жауапсыз гол соқты. Фатих Текке мен Туншай Шанли екі, Ибрагим Тораман мен Халил Алтынтоп бір-бір голдың авторы атанды.
Есеміз кеткен түріктермен 2012 жылы өтетін Еуропа біріншілігінің іріктеу кезеңінде қайта жолықтық. Өткен жылдың қыркүйек айында Түркия құрамасы «Астана-Аренаға» келіп тұрып, тағы да жеңіске жетті. Біздің команда қақпасына бұл жолы үш жауапсыз гол енді. Осы кездесудегі Хамит Алтынтоптың голы кейінірек жылдың үздіктері санатынан орын алды. Ағымдағы жылдың басында қақпашымыз Андрей Сидельников түрік мергеніне Ференц Пушкаш атындағы сыйлықты табыс етіп қайтқаны да жанкүйер жадында. Сол ойында Алтынтоптан бөлек Тұран мен Кахвежи нәтижелі соққы жасады. Қазақстан құрамасын ол кезде неміс маманы Бернд Шторк жаттықтырса, Түркия құрамасын қазіргідей голландиялық Гус Хиддинк баптаған еді.
Міне, Түркия құрамасына үш рет қарсы шыққан ұлттық командамыз үш ретте де ұтылды. Тіпті түріктердің қақпасына бірде-бір гол соға алмадық. Ал олар бізге ұзын саны 13 жауапсыз гол «сыйлаған» екен. Енді футболшыларымыздың осы жағымсыз есепті өзгертуге тырысулары қажет. Қорғанысы мығым Англия құрамасына «Уэмблиде» гол соққан жігіттеріміз бұл жолы да ерлейді деп сенеміз.
Мирослав Беранек үміт артқан ойыншылар кімдер? Ол алдағы екі ойынға мына футболшыларды шақырды: қақпашылар: Владимир Логиновский («Жетісу»), Александр Мокин («Шахтер»), Антон Цирин («Ертіс»)
Қорғаушылар: Қайрат Нұрдәулетов («Астана»), Юрий Логвиненко («Ақтөбе»), Мұхтар Мұхтаров («Ордабасы»), Марк Гурман («Астана»), Нұртас Кургулин («Тараз»), Михаил Рожков («Астана»), Александр Киров («Шахтер»). Жартылай қорғаушылар: Мақсат Байжанов («Шахтер»), Марат Хайруллин («Ақтөбе»), Генрих Шмидтгаль («Гройтер Фюрт» Германия), Серікжан Мұжықов («Жетісу»), Ұлан Қонысбаев («Шахтер»), Марат Шахметов («Астана»), Қазбек Гетериев («Алания»), Жамбыл Көкеев («Шахтер»), Виталий Евстигнеев («Ордабасы»). Шабуылшылар: Сергей Остапенко («Жетісу»), Таңат Нөсербаев («Астана»), Сергей Гридин («Тобыл»), Сергей Хижниченко («Шахтер»).
Осы тұста айта кетуге тиіспіз, белді ойыншымыз Самат Смақов бұдан былай ұлттық құрама деңгейінде өнер көрсетпейтінін мәлімдеген болатын. Биыл 32- ге толған футбол ардагеріне қазақ жанкүйерінің өкпесі жоқ. Семей өңірінен «Намыс» клубы арқылы түлеп ұшқан қыран ұлттық құрамамыздың сапында адал тер төкті, еңбегін сіңірді. Саматтың орнын команда құрамына алғаш ілініп отырған тараздық Нұртас Кургулин сынды жастарымыз жоқтатпайды деп үміттенеміз.
Беранек сенім артқан ойыншылардың бірі-Қазбек Гетериев те таяудағы екі кездесуге қатыса алмайтынын хабарлады. Жуырда ғана Ресейдің «Алания» командасына ауысқан бұл ойыншы әзірге бабында еместігін алға тартып, ағынан жарылған екен. Оның алаңдағы орнын «Ордабасы» клубының өкілі Виталий Евстигнеев басатын болады.
Біздің қарсыластарымыз-Түркия мен Әзірбайжан командаларының құрамы да бірнеше күн бұрын жария етілді. Гус Хиддинк іріктеу кезеңіндегі кездесулердің оңайы болмайтынын ескеріп, барлық мықты ойыншыларға шақырту жіберген екен. Германия, Испания, Франция сияқты футболы қарыштап дамыған елдерде доп теуіп жүрген түріктің ұландары 2 қыркүйекте біздің қарсыласымызға айналмақ.
Неміс маманы Берти Фогтс жаттықтыратын Әзірбайжан құрамасының да Қазақстан командасына қарсы тыңғылықты дайындалатыны анық. Жақында ғана Астанада есе жіберіп алған әзірбайжандар өз жерінде қайткенде де үш ұпай олжалауға ұмтылады. Енді Қазақстан мен Әзірбайжан командалары арасындағы теке тіреске назар салайық. 2004 жылы Алматыда екі команда жолдастық кездесу өткізді. Сол ойында қонақтарымыз 3:2 есебімен ұтып кетті. Біздің құраманы ол кезде ресейлік маман Леонид Пахомов дайындап жүрген еді. Отандастарымыздың сапынан Әзірбайжан қақпасын Андрей Карпович пен Евгений Лунев дәл көздеді.
2006 жылдың қыркүйек айында қос қарсылас 2008 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі шеңберінде Бакуде шеберлік байқасты. Бұл ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Алаң иелері 16-минутта есеп ашса, Дмитрий Бьяков 36-минутта таразы басын теңестірді.
2007 жылдың наурыз айында Шымкенттегі дәстүрлі турнирде голландиялық маман Арно Пайперс жаттықтырған Қазақстан құрамасы Әзірбайжан командасын алғаш рет ұтты. Ойын тағдырын шешкен жалғыз допты Андрей Финонченко соқты.
Еуропа біріншілігінің іріктеу кезеңіндегі жауап ойында екі команда қайтадан тең түсті. Алдымен қонақтар кездесудің 30-минутында есеп ашты, артынша, 53- минутта Қазақстан құрамасы Руслан Балтиевтің көмегімен таразы басын теңестірді. Бұл 2007 жылдың 6 маусымы болатын. Біздің құраманы Арно Пайперс, әзірбайжандарды Шахин Диниев жаттықтырды.
2008 жылдың ақпан айында Қазақстан-Әзірбайжан құрамалары арасындағы бәсеке Түркия жерінде жалғасып, жолдастық кездесу 0:0 есебімен аяқталды. Бұл ойында әзірбайжандар пенальти тебу мүмкіндігіне ие болды, бірақ қақпашы Александр Мокин соққыны қайтара білді. Ол кезде де Қазақстан құрамасын Арно Пайперс баптап тұрды, ал әзірбайжандар Шахин Диниевтің орнына македониялық Гьокица Хаджиевскийді бапкер етіп тағайындаған болатын.
Бұдан кейінгі өзара кездесу жуырда өтті. Өздеріңіз жақсы білесіздер, чех маманы Мирослав Беранекке тізгінін алған Қазақстан құрамасы 2012 жылғы Еуропа біріншілігінің іріктеу ойынында Әзірбайжан командасын «Астана-Аренада» 2:1 есебімен ұтты.
Санап өтсек, Қазақстан мен Әзірбайжан футболшылары ұлттық құрама деңгейінде алты рет өзара бәсекеге түсіпті. Соның үшеуі тең нәтижемен аяқталса, екеуінде отандастарымыздың мерейлері үстем шыққан екен.
Дегенмен 2012 жылғы құрлық біріншілігінің іріктеу кезеңіндегі турнир кестесінде Әзірбайжан мен Қазақстан құрамалары қатар тұр. Екеуінің еншісінде 3 ұпайдан бар. Сондықтан 6 қыркүйекте Бакуде өтетін кездесу қос команда үшін де маңызды саналады.
Шалқар ЕСТЕН
Мирослав Беранек жаттықтыратын командамыздың  Талғардағы базасында ашық жаттығу өткізу сәтінен үзінді:
Суреттер ФФК.кз сайтынан алынды.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×