Айта кетейік, Мирослав Беранек бастаған бас командамыз бұл күндері ұлттық құрамамыздың Алматы маңындағы оқу-жатығу базасында дайындықтарын пысықтауда. Астанаға матчқа үш күн қалғанда ұшады.
Құрамада өзгерістер де жоқ емес. Генрих Шмидтгаль дене қызуы көтеріліп, Алматыға келе алмапты. Қақпашымыз Александр Мокин ел біріншілігінің өткен турында жарақаттанып қалды. Павел Шабалиннің де жағдайы мәз емес. Алматыға келгенімен, сейсенбілік жаттығуға мүлдем қатыспады. Суық тигізіп алыпты. Сол секілді Таңат Нөсербаев пен Александр Киров та аздап тұмауратып қалған екен. Бірақ соңғы екеуі жаттығу процесінен қалған жоқ. – Әлбетте, Шмидтгальдың жоқтығы ауыр тиетіні сөзсіз. Дегенмен бір ойыншыға сеніп отыра беруге болмайды. Менде негізгі құрамның әртүрлі нұсқасы бар. Демек, Генаның орнына шығатын футболшы үшін өзін көрсетуге керемет мүмкіндік туып тұр. Ал Шмитдгаль 16 қазанға дейін айығар болса, Австриямен болатын Венадағы қарымта кездесуге қатысады, – деді бұл туралы бас бапкер Мирослав Беранек. Жалпы, Австриямен бірінші рет кездескелі отырған жоқпыз. «Еуро-2012» іріктеу додасының аясында екі мәрте ойнағанбыз. 2010 жылдың 7 қыркүйегінде Зальцбургте өткен кездесудің соңғы екі минутында қақпамызға екі гол жіберіп алсақ, өткен жылдың 11 қазанында елорданың «Астана-Арена» стадионында 0:0 есебімен тең тарқасқанбыз. Есептеп қарасақ, сол екі матчта Австрияға қарсы 23 ойыншымыз алаңға шығыпты. Бірақ солардың төртеуі ғана бүгінде ұлттық құрамаға шақырылған. Атап айтсақ, қақпашы Андрей Сидельников, қорғаушылар Александр Киров пен Михаил Рожков және жартылай қорғаушы Азат Нұрғалиев қана Австриямен болған екі ойынға да қатысқан. Дегенмен Австрия құрамасы да содан бері біраз өзгерген. Ең бастысы – ойын өрнегі түзелген. Мәселен, қыркүйек айында өткен жолдастық кездесуде австриялықтар азулы Түркияның өзін 2:0 есебімен тізе бүктірген. Одан кейін іріктеу додасының аясында Германияның өзімен терезесі тең дәрежеде өнер көрсетіп, бар болғаны 1:2 есебімен тізе бүккен. Бас бапкері де ауысқан. Былтыр бас бапкерлік міндетті Вилли Руттенштайнер атқарған болса, биыл команда тізгіні швейцариялық маман Марсель Коллердің қолына ұстатылды. – Коллерді бұрыннан жақсы білемін. Өте білікті маман, – деп бағасын берді Мирослав Беранек. — Соңғы жылдары Германияның «Бохум» клубын сәтті жаттықтырып келді. Бүгінде Австрия құрамасының құлпырып шыға келуі де негізінен соның арқасы. Қарсыластарымыз қанша қарымды болғанымен, біздің футболшылар да қаймықпайды. Жаттығу өз кестесінде өтіп жатыр. Бірақ қапталдар бойынша өзгерістер де жоқ емес. Мәселен, бұған дейін қорғанысқа тірек болар шепте ойнаған команда капитаны Қайрат Нұрдәулетовтің Австриямен болатын кездесулерде қорғаныстың оң қапталына жауап беретіні белгілі болды. Сондай-ақ Марат Хайруллин жартылай қорғаныстың орта шебінде емес, сол қапталында ойқастайды. – Қайрат та, Марат та – тәжірибелі ойыншылар. Оларды қай қапталға қойсаң да, өз міндеттерін абыроймен атқарып шыға алады. Иә, қорғанысымыздың оң қапталы әлсіз. Сондықтан Нұрдәулетовті осы шепке сеніп қойып отырмын. Ал Шмидтгаль сырқаттанып қалғандықтан, жартылай қорғаныстың сол қапталына Марат Хайруллинді қоюға мәжбүрмін. Оның үстіне, Марат жасыл алаңда қорғаушылармен де, шабуылшылармен де керемет түсінісе алады, – деп түсіндірді өзінің бұл шешімін ұлттық құрамамыздың бас бапкері. Жалпы, кешегі жаттығудан байқағанымыз, жігіттердің көңіл күйлері көтеріңкі көрінді. Алдымен бой қыздырып алған жігіттер соққыларын пысықтап, негізгі қақпашы Сидельниковті піспектеуге кірісті. Одан кейін Беранек команданы екіге бөліп, өзара ойнатып көрді. Бірден аңғардық, көк жейдедегілер Австрияға қарсы алаңға шығатын негізгі құрам сияқты. Қақпаны Сидельников күзетті. Қорғаныста оңнан солға қарай: Қайрат Нұрдәулетов, Юрий Логвиненко, Михаил Рожков және Александр Киров орналасты. Жартылай қорғаныстың қос қапталында Қонысбаев пен Хайруллин ойқастап, орта шебін Анатолий Богданов пен Валерий Коробкин ұстады. Ал шабуыл шебі Таңат Нөсербаев пен Сергей Остапенкоға тапсырылыпты. Бірақ ел чемпионатының соңғы турларында гол соғып, көзге түсіп жүргендіктен бе, Нөсербаев қарсылас қақпасына жақынырақ жайғасты да, Остапенко көбіне орта шептен доп тасумен болды. – Әлбетте, Австрияға қарсы бірінші минуттан алаңға шығатын жігіттерді ойша анықтап та қойдым. Алайда әлі біраз күн бар. Өзгерістердің орын алуы ғажап емес. Бәрі футболшылардың ынтасына байланысты. Қаласам, матчқа бір сағат қалғанда тізімге өзгеріс енгізіп жіберемін. Ең бастысы, ойыншы босаңсымауы керек. Ал, негізі, мұндай жағдайлар үшін негізгі құрамның бір емес, бірнеше нұсқасын дайындап қойғанмын, – деді Мирослав Беранек. Айтпақшы, жауапты ойындардың алдында футболшыларымызға қолдау білдіру үшін «Ақтөбе» капитаны Самат Смақов та арнайы келіпті. Жаттығудан кейін жігіттердің бәрінің қолын алып, жеңіс тілеп жатыр. Ойыншылар да ұпайдың қажеттігін, өз алаңымызда қалайда ұту керектігін айтуда. Ендеше, жұма күнді күтелік. Біздің де жеңіске жетер уақытымыз келді. Әзиз ЖҰМАДІЛ Суреттерді түсірген Константин КНЯЗЕВИЧБіздің серіктес: FONBET