“Ұлытау” аңызы командадан кетті

10.01.2026, 19:51

Жезқазған футболының соңғы жылдардағы символына айналған, команда капитаны әрі рекордшысы Демият Сламбеков "Ұлытау" сапынан кететінін ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Aladop.kz.

“Ұлытау” аңызы командадан кетті

Үш жыл бойы клубтың намысын абыроймен қорғаған футболшы жанкүйерлерге әсерлі қоштасу хатын жолдады.

"Жезқазған — менің екінші үйім"

Демият Сламбеков Instagram парақшасында жазған жазбасында Жезқазған қаласы мен "Ұлытау" клубының өзі үшін өте ыстық екенін атап өтті. Ол бұл жерде өткізген әрбір сәтін мақтанышпен еске алады.

"Үш жыл бұрын осында келгенімде оңай болған жоқ, бірақ бұл менің өмірімдегі ең бақытты кезеңдердің бірі болды. Команданың түсін қорғап, капитандық таңғышты тағу — мен үшін үлкен мәртебе. Біз мақсатқа жету үшін қан мен тер төктік, қиындықтарға қарамастан алға ұмтылдық.” — дейді футболшы.

Демият Сламбеков — "Ұлытау" тарихында ең көп матч өткізген ойыншы. Ол команданың ең ауыр сәттерінде де, жеңісті күндерінде де көшбасшылық қасиетін көрсетіп, жанкүйерлердің шынайы махаббатына бөлене білді.

Футболшы клуб басшылығына, жаттықтырушылар штабына және командаластарына ерекше алғысын білдірді. Сламбеков клубтың болашақта гүлдене беруіне тілектестік білдіріп, жанкүйерлермен жасыл алаңда әлі талай кездесетінін айтты.

Сламбеков мансабын Петропавлдық “Қызылжар” сапында жалғастырады. 

Айта кетсек, 28 жасар Демият 2012-2014 жылдар аралығында Бразилияның Сао-Пауло штатындағы “Оле Бразил” академиясында тәлім алған болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×