Ұпай ұстар үш мүмкіндік

03.06.2011, 17:48
Ұпай ұстар үш мүмкіндік

Бүгін Астана төрінде дүбірлі той, футбол тойы!

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей бұл ойынның басқа ойындардан орны бөлек. Маңызы мол матчтан күтеріміз көп.

Польша мен Украина жерінде өтетін 2012 жылғы Еуропа біріншілігінің іріктеу кезеңінде «А» тобында өнер көрсетіп жатқан Қазақстан құрамасының жағдайы мүшкіл. 5 кездесу өткізіп, соның бәрінде ұтылған біздің жігіттер үшін тағы 5 мүмкіндік қалды. Жалпы, жеребе тартылған күннен бастап білгіштер немістердің ешкімге дес бермейтінін , түріктердің топта немістерден кейін тұрақтайтынын, Австрия мен Белгия арасындағы ойындар 3 –орынның мәселесін шешетінін, Қазақстан мен Әзірбайжан айқасы нағыз аутсайдерді анықтайтынын айқанды. Алайда, бұл болжаммен келіспейтін бір ұжым табылды. Өз алаңында соңғы өткен құрлықтың қоласын қоржынға басқан Түркиядан айласын асырған Қап тауының өкілдері Қазақстаннан да қанжығасын майлап қайтуды теріс көрмейтін көрінеді. Әңгіме Әзірбайжан құрамасы туралы болып отырғанын сезіп отырған боларсыздар. Еуропаға енгелі бері басты қарсыласымыз да осы құрама болып алды. Бұған дейінгі кездесудерді оларды ұтқан да, тең ойнаған да, ұтылған да тұстарымыз бар.

Ал бүгін ойын қалай болмақ ?

Ұлттық құрама тізгінін Мирослав Беранекке ұстатқанбыз. Алғашқы жолдастық кездесуінде «Ақ орыстармен» тең ойнап, неміс жерінде Германиядан тас-талқан ұтылдық. Енді жеңетін де кез келгенге ұқсайды. Шама шарқы өзімізбен деңгейлес командалардан өз жерімізде ұпай үш ұстап қалмасақ несіне Еуропада доп теуіп жүрміз. Соңғы кездері тәуір ойынымен көзге түсіп жүрген барлық жігіттер шақырылган бұл кездесуге, тек Нұрбол жоқ демесеңіз. Одан бөлек команданың ардагерлері Лория мен Карпович жарақатына байланысты ойынды сырттан бақылайды. Беранек тәжірибелі ойыншылардан да, жас таланттардан бас тартпайтынын байқатты. Қазақ жігіттерінің де қарасын көбейтті. Енді тек нәтиже күтеміз.

«Көрпеңе қарай көсіл» дегендей, шама шарқымызды ескерсек осы іріктеу кезеңінде ұпай ұстап қалатын үш-ақ мүмкіндік қалды.

Соның алғашқысы бүгін болса, дәл осы қарсыласпен өтетін сырт алаңдағы ойында да кеміне тең нәтижеге қол жеткізуге болатынға ұқсайды. Жыл соңында Австрия құрамасын қабылдаймыз өз жерімізде. Сол ойын Алматыда өтеді деген қауөсет қаптап жүр. Оңтүстік Астанада өтетін кездесуде де қоржынымызды қомпайтып қалуымыз әбден мүмкін. Ия,мүмкіндік бар тек соны жүзеге асыру шарт. Ол үшін дәл бүгін қарсыластарымызды қапыда қалтырып, өзімізге сенімділік сыйлауымыз қажет. Сәттілік жігіттер! АЛҒА ҚАЗАҚСТАН!!!
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Алдыңғы жаңалық
«О-о, Месси!..»
Aladop Youtube
×