Қазақстан клубтарының биылғы еурокубок жорықтары өткен аптада аяқталды. Алған қамалымыз жоқ, бірақ қоржынымыз бұрынғыға қарағанда тоқ. Соған қарап, қазақ жанкүйерлерінің көңілі де тоқ деп ойласақ, қателесер едік.
Өйткені өткен жылы «Шахтер» Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығып, біздің арманымызды аспандатып қойған болатын.
Қарапайым ғана мысал. Мадридтің «Реалы» 2002 жылы Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанған соң, 12 жыл бойы сол табысын қайталай алмады. Биыл ғана Карло Анчелоттидің басшылығымен осы белесті қайта бағындырды. Бірақ «Реалдың» Испаниядағы, тіпті күллі әлемдегі жанкүйерлері «12 жыл ішінде 4 рет жартылай финалда, 1 рет ширек финалда ойнадық» деп көңіл тоғайтпайды ғой. Әрине, қазақ футболының жайын «Реалмен» салыстыруға келмес, дегенмен жыл санап біздің де тәбетіміз ашылып келе жатқанын мойындауымыз керек. «Шахтер» 2013 жылы еурокубоктың топтық турнирінде ойнаған болса, биыл неге ойнай алмайды? Неге кеншілердің табысын «Ақтөбе», «Астана» немесе «Қайрат» қайталай алмайды?
Өкінішке қарай, «Астана» мен «Ақтөбе» топтық турнирдің босағасынан қайтты. «Астана» үш кезеңнен өтіп, клубтық рекорд жасады. «Хапоэль», АИК сияқты салмақты командаларды жолда қалдырды. Алайда Испанияның «Вильярреал» командасынан екі кездесу қорытындысында 0:7 есебімен ұтылды. Әрине, «сары сүңгуір қайық» біздің елордалық командаға қарағанда, еурокубокта әбден ысылған, алағай-бұлағай кезеңдердің бәрін артта қалдырған, испан примерасына орала салып еурокубокқа бірден жолдама алған команда ғой. Олардың сесі де, мысы да, күші де басым болғаны сөзсіз.
«Вильярреалмен» өткізген екі кездесу – Қазақстан клубтарының еурокубоктардағы ойындарының нақты өлшемі. УЕФА аясындағы 12 жыл ішінде біздің командалар тек таяқ жейтін қолбала қалыптан бой тартты. Орта деңгейге көтерілді. «Хапоэль», АИК, «Хайдук» сияқты командаларды осыдан 2-3 жыл бұрын ұтсақ, үлкен жаңалық сияқты қабылданатын еді. Қазір олармен тең тұрып айқаса алатынымызға көзіміз жетті. Бірақ Еуропа футболының серкелері қарсы жолықса, тіземіз дірілдеп кететіні де рас. Бұған дейін Испания командаларымен жолымыз түйісіп көрмеп еді, Вильярреал сапары оның да қандай болатынын көрсетті. Яғни біз серкелерден жарты ұпай болса да жырып қалуға әлі дайын емеспіз.
Бұл жолғы еуросапар біздің тағы бір үлкен кемшілігімізді – инфрақұрылымымыздың тым нашар екенін тағы дәлелдеді. «Легия» ойыншылары Ақтөбенің Орталық стадионындағы көк шөпті айдау деп бағалады. «Шахтер» де былтыр Еуропа лигасының ойындарын «Астана-Аренада» өткізуге мәжбүр болғанын жақсы білеміз. Демек, жақсы инфрақұрылым болмаса, мықты легионерлерге қаржы төге беру онша пайдалы шаруа емес. Легионер келіп-кетеді, белгілі бір кезеңде пайдасын тигізуі де мүмкін. Алайда мықты стадионы, жаттығу алаңдары, арнайы базасы болмаса, біздің көшбасшы командалар Алматы, я Астанаға тентіреп, өз шығынын бірнеше есе көбейткені көбейткен. Ондай бір сәттік табыс кімге керек, айтыңызшы?..
Биылғы Чемпиондар лигасында бұрынғы тағдырлас елдерден «Зенит», ЦСКА (Ресей), «Шахтер» (Украина) және БАТЭ (Беларусь) ойнайтын болды. БАТЭ-нің былтыр «Шахтерден» ұтылғанына алақайлап едік, биыл олар басты лигада жүр. Ал Еуропа лигасының топтық турнирінде «Динамо» М, «Краснодар» (Ресей), «Динамо» К, «Днепр», «Металлист» (Украина), Динамо» М (Беларусь) және «Қарабақ» (Әзірбайжан) ойнайды. Бізден ешбір команда жоқ.
УЕФА қоржынындағы ұпайымыз биыл 3,375-ке жетті. Бұған дейінгі барлық көрсеткішімізден жоғары. Алайда лигалардың топтық турнирінде тағы да «Реал», «Арсенал», «Бавария», «Боруссияларға» жанкүйер боламыз.
Есей ЖЕҢІСҰЛЫ