ҰПАЙҒА ҒАНА КӨҢІЛ ТОҒАЙТАМЫЗ БА?

04.09.2014, 02:34
ҰПАЙҒА ҒАНА КӨҢІЛ ТОҒАЙТАМЫЗ БА?
Қазақстан клубтарының биылғы еурокубок жорықтары өткен аптада аяқталды. Алған қамалымыз жоқ, бірақ қоржынымыз бұрынғыға қарағанда тоқ. Соған қарап, қазақ жанкүйерлерінің көңілі де тоқ деп ойласақ, қателесер едік. 
Өйткені өткен жылы «Шахтер» Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығып, біздің арманымызды аспандатып қойған болатын. Қарапайым ғана мысал. Мадридтің «Реалы» 2002 жылы Чемпиондар лига­сының жеңімпазы атанған соң, 12 жыл бойы сол табысын қайталай алмады. Биыл ғана Карло Анчелоттидің басшы­лығымен осы белесті қайта бағындыр­ды. Бірақ «Реалдың» Испаниядағы, тіпті күллі әлемдегі жанкүйерлері «12 жыл ішінде 4 рет жартылай финалда, 1 рет ширек финалда ойнадық» деп көңіл тоғайтпайды ғой. Әрине, қазақ фут­болы­ның жайын «Реалмен» салысты­руға келмес, дегенмен жыл санап біздің де тәбетіміз ашылып келе жатқанын мойындауымыз керек. «Шахтер» 2013 жылы еурокубоктың топтық турнирінде ойнаған болса, биыл неге ойнай ал­майды? Неге кеншілердің табысын «Ақ­төбе», «Астана» немесе «Қайрат» қайталай алмайды? Өкінішке қарай, «Астана» мен «Ақ­төбе» топтық турнирдің босағасынан қайтты. «Астана» үш кезеңнен өтіп, клуб­тық рекорд жасады. «Хапоэль», АИК сияқты салмақты командаларды жолда қалдырды. Алайда Испанияның «Вильярреал» командасынан екі кез­десу қорытындысында 0:7 есебімен ұтылды. Әрине, «сары сүңгуір қайық» біздің елордалық командаға қараған­да, еурокубокта әбден ысылған, алағай-бұлағай кезеңдердің бәрін артта қал­дырған, испан примерасына орала са­лып еурокубокқа бірден жолдама алған команда ғой. Олардың сесі де, мысы да, күші де басым болғаны сөзсіз. «Вильярреалмен» өткізген екі кез­десу – Қазақстан клубтарының еуро­ку­боктардағы ойындарының нақты өлшемі. УЕФА аясындағы 12 жыл ішінде біздің командалар тек таяқ жейтін қолбала қалыптан бой тартты. Орта дең­гейге көтерілді. «Хапоэль», АИК, «Хайдук» сияқты командаларды осы­дан 2-3 жыл бұрын ұтсақ, үлкен жаңа­лық сияқты қабылданатын еді. Қазір олармен тең тұрып айқаса алаты­ны­мыз­ға көзіміз жетті. Бірақ Еуропа фут­болының серкелері қарсы жолықса, тіземіз дірілдеп кететіні де рас. Бұған дейін Испания командаларымен жолы­мыз түйісіп көрмеп еді, Вильярреал сапары оның да қандай болатынын көрсетті. Яғни біз серкелерден жарты ұпай болса да жырып қалуға әлі дайын емеспіз. Бұл жолғы еуросапар біздің тағы бір үлкен кемшілігімізді – инфрақұры­лымымыздың тым нашар екенін тағы дәлелдеді. «Легия» ойыншылары Ақтө­бенің Орталық стадионындағы көк шөп­ті айдау деп бағалады. «Шахтер» де былтыр Еуропа лигасының ойындарын «Астана-Аренада» өткізуге мәжбүр болғанын жақсы білеміз. Демек, жақсы инфрақұрылым болмаса, мықты легио­нерлерге қаржы төге беру онша пай­да­лы шаруа емес. Легионер келіп-кетеді, белгілі бір кезеңде пайдасын тигізуі де мүмкін. Алайда мықты стадионы, жат­тығу алаңдары, арнайы базасы болмаса, біздің көшбасшы командалар Алматы, я Астанаға тентіреп, өз шығынын бір­неше есе көбейткені көбейткен. Ондай бір сәттік табыс кімге керек, айты­ңыз­шы?.. Биылғы Чемпиондар лигасында бұ­рынғы тағдырлас елдерден «Зенит», ЦСКА (Ресей), «Шахтер» (Украина) және БАТЭ (Беларусь) ойнайтын болды. БАТЭ-нің былтыр «Шахтерден» ұтыл­ғанына алақайлап едік, биыл олар басты лигада жүр. Ал Еуропа лигасының топ­тық турнирінде «Динамо» М, «Крас­нодар» (Ресей), «Динамо» К, «Днепр», «Ме­таллист» (Украина), Динамо» М (Беларусь) және «Қарабақ» (Әзір­бай­жан) ойнайды. Бізден ешбір команда жоқ. УЕФА қоржынындағы ұпайымыз биыл 3,375-ке жетті. Бұған дейінгі бар­лық көрсеткішімізден жоғары. Алайда лигалардың топтық турнирінде тағы да «Реал», «Арсенал», «Бавария», «Борус­сия­ларға» жанкүйер боламыз. Есей ЖЕҢІСҰЛЫ  
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×