Бразилиялық журналист Фабио Алейшо өзінің Twitter парақшасында «Қайраттың» 37 жастағы бразилиялық шабуылшысы Вагнер Лавтың мәскеулік ЦСКА командасына оралғысы келетінін жазды.
Дереккөздің хабарлауынша, шабуылшы алты айлық келісім-шартқа отыру арқылы мәскеулік клубқа ауысқысы келеді.
«Ол шынымен ЦСКА-да ойнап, сол клубта қалғысы келеді. Ол мұны ешқашан жасырған емес. Егер бұл ойы жүзеге аспаса, ол Бразилияға оралады», - деп жазды Алейшо.
Ал оның агенті Эвандро Феррейра бұл ақпаратты растағандай болды:
- Біз «Қайратпен» келісім-шартты ұзартамыз ба, жоқ па, әзірге білмейміз. Вагнер ЦСКА-ға оралып, сол жерде мансабын аяқтағысы келе ме? Футболда бәрі мүмкін. Ол Ресейде өте керемет ойнап, жақсы естеліктер қалдырды. Менің ойымша, ол Ресейге бару арқылы мансабын тамаша аяқтайтын еді, - деді Феррейра.
Осы маусымда Вагнер Лав барлық турнирлерде 34 матчқа қатысып, 13 гол соғып, 11 нәтижелі пас берді. Оның «Қайратпен» келісім-шарты 2021 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады.
Біздің серіктес: FONBET