Өскемендік "Алтай" клубының бас бапкері Вахид Масудов команданың алғашқы оқу-жаттығу жиынында атқарылып жатқан жұмыстар мен алға қойған мақсаттары туралы айтып берді, деп хабарлайды Aladop.kz.
Бас бапкердің айтуынша, қазіргі таңда командаға келуге ниетті ойыншылар тобы қаралымнан өтуде. Премьер лиганың бәсекесі жоғары екенін ескере отырып, клуб басшылығы құрамды күшейтуді көздеп отыр.
"Біз Премьер лиганың қандай деңгейде екенін өте жақсы білеміз. Сондықтан ойыншыларды таңдауда қателеспеуіміз керек. Қазір футболшылардың үлкен тобын бақылап жатырмыз, арасынан ең лайықтыларын іріктеп аламыз.” — деді Масудов.
Физикалық дайындық — басты назарда
Маусым алдындағы алғашқы жиынның басты мақсаты — футболшылардың физикалық әлеуетін көтеру. Вахид Масудов кейбір ойыншылардың бабында емес екенін жасырмады.
Оқу-жаттығу жиынының негізгі міндеттері: ойыншылардың физикалық жағдайын ретке келтіру, жаңа келген футболшылардың мүмкіндігін тексеру және маусымға арналған стратегиялық жоспарларды іске асыру.
Бапкердің айтуынша, маусым басталғанша команда толық бабына келіп үлгереді. "Алтайдың” биылғы мақсаты — Премьер лигада жай ғана қатысушы емес, лайықты бәсекелес болу.