"Валенсия"-"Барселона": матч алдындағы деректер

25.01.2020, 22:18
"Валенсия"-"Барселона": матч алдындағы деректер

Бүгін Нұр-Сұлтан уақытымен 21:00-де Ла Лиганың 21-туры аясында "Валенсия" "Месталья" стадионында "Барселонаны" қабылдайды.

Бұл турдың орталық матч болғалы тұр. Себебі, "Барселона" көш басындағы орнынан айырылып қалмас үшін жеңіске жетуге барын салады. Бұл жерде ертең сырт алаңда "Вальядолидке" қонаққа баратын "Реалдың" қатты қинала қоймасы түсінікті.

Ал алаң қожайындары 3 ұпай олжаламаса жағдайдың қиындап кететінін жақсы біледі. Қазір 31 ұпаймен 7-сатыда тұр. Чемпиондар лигасына жолдама алу үшін бұл әрине жеткіліксіз. Қырсыққанда бүгін қызыл қағаз алуына байланысты капитан Даниэль Парехо мен шабуылшы Родриго алаңға шыға алмайды.

Бірақ осы маусымда Каталон ұжымы да түзде келісті ойнап жүрген жоқ. Бірінші турдағы "Атлетиктен" ұтылғанын есепке алмағанның өзінде "Гранада"мен "Левантеге" есе жібергенін жанкүйерлер әлі кешіре алмай жүр. Дегенмен қазір команданы Эрнесто Вальверде емес, Кике Сетьен баптайды.

Енді матч алдында кейбір деректерге тоқтала кетсек:  

Месси карьерасында "Валенсияға" қарсы 33 ойында 28 рет доп салған екен. "Валенсия" Лионель үшін ең көп гол тоғытқан ұжымдар ішінде 3-орында. Сонымен қоса, аргентиналық соңғы 500 матчта 500 гол салып, 200 нәтижелі пас берген. Яғни, орта есеппен әр кездесуде алаңнан голсыз кетпеген.

Соңғы рет «Валенсия» өз алаңында «Барселонаны» осыдан 14 жыл бұрын 2006-2007 жылғы маусымда жеңген екен.

Жалпы екі клуб бір-бірімен барлық бәсекеде 196 рет жолыққан. "Блауграна" 94-інде, "Валенсия" 52-сінде жеңіске жеткен. Қалған 50 ойын тең аяқталыпты.

Шамкен БАЙЫРБЕК.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×