Ванда Нара – Икардидің бағын ашқан әйел

12.01.2019, 06:54
Ванда Нара – Икардидің бағын ашқан әйел
Аргентиналық модель, биші Ванда Нара 2008 жылы белгілі аяқдопшы Макси Лопестің жары атанған болатын. Олардың Валентино, Константино және Бенедикто атты үш ұлдары бар. Бірақ, жұбайлардың бақыты ұзаққа созылмаған секілді. Себебі, Ванда Нара үшін 2013 жылы «Сампдория» командасының ойыншылары Мауро Икарди мен Макси Лопестің арасында үлкен шу болды. Бір команданың абыройын қорғайтындықтан, аяқдопшылар бірге көп уақытын өткізетін. Сол уақыт аралығында Икарди командадағы досының жарына ғашық болған сынды. Бұл туралы Ванда: «Мен Максимен тек балаларым үшін ғана бірге тұрып келдім. Оның қателіктеріне кешіріммен қарап, қалайша ұзақ шыдағаныма өзім де таң қаламын. Мауромен қарым-қатынасымыз басталған кезде, Макси екеуміз ажырасып кеткен болатынбыз. Рас, мені жақсы көретін, ұлдарыммен бірге қабылдауға дайын  жігіт болғандықтан, Макси жағдайды ушықтырып жіберді», - дейді. Аргентиналық модель не айтса да, осы жанжалдан кейін Мауро Икарди Аргентина құрамасымен бірге 2018 жылғы Әлем чемпионатына бармайтын болды. Аргентиналық «Final Debate» телешоуы Икардидің құраманың тізімінде болмауы Лионель Месси мен Диего Марадонаның өтініші бойынша екенін айтады. Өз елінің туын қорғамағанымен, Мауро Икарди Вандаға үйленгелі бақытты екенін жасырмайды. Осылайша қазіргі «Интер» шабуылшысының денесінде Ванда мен оның ұлдарының суреті пайда болды. Ванда Нара фамилиясын «Икарди» қылып өзгертуі Мауроның жеке өмірінде де, футболдағы карьерасында да үлкен рөл ойнайды. Себебі, аяқдопшының 10 жылдан артық уақыт бойы сенімді серігі болып келген жеке агентінің орнын  жары Ванда Икарди басты. Айта кетерлігі, жеке агенті ауысқалы Мауро Икардидің бағасы 14 млн еуродан 250 млн-ға дейін өскені белгілі болды. 2015 жылы Ванда Франческо атты, 2016 жылы Изабелла есімді қыздарды дүниеге әкелді. Мауродан 7 жасқа үлкен болса да, әлемнің «TOP» модельдерінен кем емес. Аргентиналық сұлу, 5 баланың анасы Ванда Икарди - әрбір табысты ер адамның артында ақылды әйел тұратынының тағы бір дәлелі.

Ырысты ҚАДІРБЕК

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Алдыңғы жаңалық
Стив Макманаман
Келесі жаңалық
КПЛ трансферлері
Серіктес жаңалықтары
×