VAR жүйесі енді қазақ футболына да келеді

13.03.2019, 23:32
VAR жүйесі енді қазақ футболына да келеді
«Әдебиет ардың ісі, пенальти VARдың ісі» демекші VAR жүйесі қазір бүкіл матчтарда қолдана бастады. Күні кеше ғана чемпиондар лигасында осы бейнеқайталаудың арқасында «Манчестер Юнайтед» келесі кезеңге өтіп кетті. Біреулерден сын, біреулерден мақтау естіген бұл вар жүйесі енді Қазақ футболына да келгелі тұр. Алматыдағы Орталық стадион алғашқылардың бірі болып Вар жүйесін қолданбақшы. Алматыдағы Орталық стадион – Қазақстандағы ең үздік футбол кешені саналады. Сондықтан дәл осы аренада биылғы жылдың маусым ашар матчы ойналды. Былтыр стадион 60 жылдық мерейтойын атап өтті. Алайда жарты ғасырдан астам уақыт өткен спорт кешені танымастай өзгерген. Күрделі жөндеуден кейін стадион заманауи ашық түске енген.

Айдар БАЙЖҰМАНОВ «Орталық стадион» нысанының басқарушысы

Сіз білесіз бе, біздің Орталық стадион 2017-ші жылы УЕФА-ның стадиондар мен инфрақұрылымдар туралы регламентінің төртінші категориясын алды. Бұл – чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының іріктеу раундтарын және топтық кезең ойындарын осы стадионда өткізуге болады деген сөз. Жалпы әріптестік аясында көп жұмыс атқарылды. 

Ерте көктемде Қазақстанда жібі түзу стадион мен жақсы алаң табу қиын. Ал, Орталық стадионның біркелкі өскен жасыл шөбі көз қызықтырады. «Қайрат» пен «Астана» арасындағы Қазақстан суперкубогы осы керемет алаңда өтті.

Айдар БАЙЖҰМАНОВ «Орталық стадион» нысанының басқарушысы

Бұл агроном мамандардың ерен еңбегінің арқасында жүзеге асты. Оларды Қайрат Боранбаев арнайы Қазақстанға шақырды. Украинадан келген маман Виктор Яроменко кезінде Польша мен Украинада өткен Еуропа чемпионатында қызмет етті. Ол өз ісінің нағыз шебері. Бұған дейін де елімізде жұмыс істеді. Жақсы маманның қолынан кейін алаңымыз да тамаша болып тұр. Яроменко жақсы команда жинап алған. Олар жыл бойы осы алаңды бақылап отырады. Температуралық жағдайын тексеріп, сиреп қалған жерлеріне шөп тұқымын сеуіп, қалыпқа келтіреді. Жалпы алаңды күтіп-баптаудың өзі тұтас технологиядан тұрады.  

Биылғы Қазақстан суперкубогында отандық футболдағы айтулы оқиға болды. Матч кезінде төрешілерге көмек ретінде ВАР видео жүйесі іске қосылып, бейресми сынақ түрінде қолданды. Бұл жүйені Қазақстан премьер-лигасына енгізу үшін ФИФА-ның арнайы рұқсатын алып, ВАР видеоқайталау жүйесімен жұмыс істейтін төрешілер мен инспекторларды оқыту керек. Оған біраз уақыт кетеді. Егер осы жұмысты қазірден бастап қолға алса, бір жылдан кейін видео бақылау жүйесін ел чемпионатында қолдануға болады.

Айдар БАЙЖҰМАНОВ «Орталық стадион» нысанының басқарушысы

Бұл «Қайрат» футбол клубы мен Орталық стадионның бастамасымен тек сынақ ретінде қолданылды. ҚКФЛ президенті Олжас Абраев біздің өтінішімізді қуана қолдап, көмектерін ұсынды. Олар техникалық жағынан қамтамасыз етті. Біз Мәскеуден компания шақырдық. Олар Ресейдегі әлем чемпионаты кезінде бірнеше матчта ВАР жүйесін іске асырған. Біз тек сынақ ретінде қолданып көрдік. Себебі VAR жүйесін Қазақстан премьер-лигасында қолдану үшін ФИФА-ның рұқсаты керек. Осыған байланысты қажетті материалдар мен құжаттар дайындау мақсатында танысып жатырмыз.   

Жанкүйерлер мен қала тұрғындары Орталық стадионды күрделі жөндеу жұмыстары күтіп тұрғанын айтып жүр. Тіпті ғаламторда жобаның сызбасы да тарады. Айдар Байжұмановтың айтуынша бұл мәселе бойынша нақты шешім әлі жоқ. Ал, арена жанындағы қосымша алаңға қатысты жағымды жаңалық бар.

Айдар БАЙЖҰМАНОВ «Орталық стадион» нысанының басқарушысы

Бұл жұмыстардың барлығын қалалық әкімдік жүргізеді. Қазір жоспар бойынша үш жарым мың адамдық стадионның жобасы әзірленіп жатыр. Нақты қанша адамға арналғаны белгісіз. Себебі стадион көпфункциональды болады. Онда жеңіл атлетикаға арналған жүгіру жолдары салынады. Егер жоба қабылданса, оны толықтай әкімдік қаржыландырады. Бұл кәдімгі стадион болады. Оны қосымша алаң деп айту қиын. Футбол стадионы УЕФА-ның регламенті бойынша үшінші категориялы болады. Ал, жеңіл атлетика талаптары бойынша стадион IAAF-тың екінші категориясын алады. Жалпы осындай жоспарлар бар.

Жуырда Қазақстан құрамасы 2020-шы жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу ойындарын бастайды. Соңғы жылдары ұлттық құраманың кездесулері Астанада өтіп жүр. Енді Орталық стадион да бірнеше ойынды қабылдауға қарсы емес.

Айдар БАЙЖҰМАНОВ «Орталық стадион» нысанының басқарушысы

Енді мұндай жоспардың бар-жоғын білмеймін. Өйткені қай жерде өткізу жайын Қазақстанның футбол федерациясы шешеді. Әрине біз Орталық стадионда бір-екі кездесудің өткенін қалаймыз. Ол туралы ұсыныс та жасаймыз. Қаламыздың тұрғындары мен қонақтары нағыз Еуропалық футболды тамашалауға мүмкіндік алса дейміз. Қазір біз мұндай деңгейдегі ойындарды қабылдауға дайынбыз. Соңғы рет орталық стадионда Дания құрамасы ойнаған еді. 

Егер VAR-ға қатысты сынақ жұмыстары сәтті өтсе, Орталық стадион осы жүйені орнатқан алғашқы спорт кешені аталады. Сосын өзге де отандық стадиондар үлгі алары анық.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×