«Тараздың» бас бапкері Вардан Минасян Қазақстан Кубогінің бесінші турында қостанайлық «Тобылмен» болған ойын туралы пікірін білдірді:
- Вардан Размикұлы, командалар екі түрлі тайм өткізгендей болды. Бірінші таймда «Тараз» өз дегенін жасады, ал екінші таймда бар тізгінді қарсыласқа беріп қойды.
- Ойын қызық болды, жақсы қарқынмен өтті. Біз бірінші таймды жоғары деңгейде өткіздік: қорғаныста өте сенімді ойнадық және көптеген мүмкіндіктер жасадық. Әрине, бірінші таймда көбірек гол соғып, матчтың тағдырын шешіп тастауымыз керек еді...
Екінші тайм біз ойлағандай болмады. Допқа иелік ете алмадық және қапталдағы ойыншылар ойынға ене алмады. Осылайша, команда өз қақпасына жақындай бастады. Есеп 1:1 болғаннан кейін бізде тағы екі жақсы мүмкіндік болды, бірақ гол соға алмадық. Ақыр соңында, ойыншылар концентрациясын жоғалтқандықтан тағы бір гол жіберіп алды.
- Егер Обилор ойнағанда, бұл жерден ұпай алып кетуге болар ма еді?
- Бізде Обилор, Адамович, Досмағамбетов болған жоқ. Әрине, бұл команда үшін үлкен шығын, алаңда болып жатқан оқиғаларға қарсы әрекет ету мүмкіндігі айтарлықтай төмендеді. Бірақ бұған қарамастан, команда тұтастай алғанда жақсы ойнады.
- Топтық кезеңдегі соңғы кездесуде «Таразды» тең есеп қанағаттандырады...
- Чемпионат басталмай тұрып, біз бүкіл ойыншылармен көшбасшыға немесе соңғы орындағы командаға қарсы ойнаудың ешқандай айырмашылығы жоқ деп келісіп алдық. Бізде бір міндет бар: максималды нәтижеге жету. Осы менталитетті ұжымға сіңіру керек. Бұл Кубок пен чемпионаттағы ойындарға қатысты.
Біздің серіктес: FONBET