Өзбекстан Кубогы иегерінің қазіргі жағдайы жақсы деп айтуға келмейді.
Максим Шацких баптайтын “Андижан” бүгінде Өзбекстан Суперлигасында 29 ұпай жинап, турнир кестесінде 12 орында келеді. Клуб осыдан бір жыл бұрын ел Кубогынде топ жарып, жақсы нәтиже тіркеген еді. Алайда осы маусымда “Андижанның” не чемпионатта, не Азия құрлығының Чемпиондар Лигасында жолы болмауда.
Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында “Қайсардың” экс-бапкері Виктор Кумыков “Андижанға” келуі мүмкін. 62 жастағы маман кезінде “Машал” мен “Насаф” клубтарында қызмет жасап, екі рет Өзбекстанның қола жүлдегері атанған болатын.
Соңғы рет Кумыков өздеріңіз білетіндей, “Қайсар” командасында қызмет жасады. Жаттықтырушы бірде-бір легионердің көмегінсіз қасқырлар клубын Премьерде сақтап қалды. Алайда жаңа басшылықтың келуімен Виктор жұмыс орынсыз қалды.