Чемпиондар лигасынан шығып қалған «Слован» клубы кеше Еуропа лигасының плей-оффында «Янг Бойз» командасымен күш сынасты.
Братиславада өткен ойын 1:0 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді. Матчтан кейін словакиялық маман «Қайратпен» өткен кездесуде сәттілік жетіспегенін айта кетті.
«Ұтылып қалғанымыз өкінішті. Ешкім де өз алаңындағы алғашқы ойында жеңілгісі келмейді. Кешегі матч маусым басталғалы бері біз көрсеткен ең үздік ойынымыз болды. «Қайратқа» қарсы кездесуде сәттілік біздің тарапымызда болмады. Енді оның қайта бізге ораларына сенемін. Әлі де күресеміз. Себебі ештеңе жоғалған жоқ. Екінші таймда тәуекелге баруға тура келді. Сондықтан құрамға өзгерістер енгіздім. Олар ойынды жандандырды және жалпы алғанда екінші таймда өте жақсы ойнадық. Кем дегенде, тең ойынға лайық едік. Жауапты ойында бәрі мүмкін. Қарсыласымыздың деңгейін білеміз. Сондықтан қатты ашыла алмаймыз. Қарымта ойын гол соғатынымызға сенімдіміз», – деді Владимир Вайсс.
Айта кетейік, жауапты ойын 28 тамыз күні Швейцарияда өтеді.