"Вольфсбург"-"Бавария". Қасқырлар мекеніндегі шайқас

31.01.2015, 02:25
"Вольфсбург"-"Бавария". Қасқырлар мекеніндегі шайқас
Араға 40 күн үзіліс салып, Неміс Бундеслигасы қайта оралады. "Бавария" мен қалған 17 команда деп екіге бөлінген чемпионаттың екінші айналымының алғашқы ойындары бүгін өтпек. Алғашқы кездесу Гвардиола командасы мен, олардан 11 ұпай артта қалып, екінші орында келе жатқан "Вольфсбург" арасында болады деп күтілуде. "Баварияның" осы маусымда да чемпион болары әлемге анық. Статистиканың өзі таңдай қақтырады. Бірінші айналымдағы 17 ойынның 14-ін жеңіп, қақпасына бар-жоғы 4 гол ғана өткізген. Тіпті, бүгін қонақта ойнаса да матчтың айқын фавориті. Мюллер, Роббен, Левандовски, Рибери секілді жоғарғы деңгейдегі жұлдызды шабуыл алаңнан кем дегенде екі голсыз кетпейтіні түсінікті. "Вольфсбургтің" айды аспанға шығарудан дәмесі бар. Жақында ғана клуб басшылығы: "біз осы маусымда чемпиондыққа таласуға тырысамыз"-деген еді. Әрине, бұған адам баласы сене қоймас. Дегенмен, "қасқырлар" болашақта "Баварияның" тақтан тайдырады-ау деп, үмітпен қарайтын команда. Кеше ғана 30 миллионға "Челсидан" Андре Шюррлені сатып алды. Қорғаныстың да, жартылай қорғаныстың да, шабуылдың да негізі жас футболшылардан құралған. Яғни, іргетас мықтап қаланған деген сөз. Жеке кездесулер тарихына үңілер болсақ, соңғы 12 ойынның 11-інде мюнхендіктер басым түсіпті. 2009-шы жылдан бері "Вольфсбург" "Баварияға" қарсы қару таппай келеді.  Бірінші айналымда Гвардиола шәкірттерінен Роббен мен Мюллер мергендігімен танылып, Дитер Хекинг командасынан жақында ғана Гамбургке ауысып кеткен Ивица Олич сол салып,  Мюнхен қожайындары 2:1 есебімен жеңіске жетсе, "Фольксфаген-Аренадағы" соңғы, былтыр көктемдегі кездесу 1:6 есебімен "қасқырлардың" тас-талқан болуымен аяқталған еді. Екі команданың болжамды құрамдары: Вольфсбург: Бенальо-Юнг, Налдо, Кнохе, Родригес-Арнольд, Густаво, де Брюйне-Перишич, Виеринья, Дост Бавария: Нойер-Рафинья, Боатенг, Данте, Бернат-Алонсо, Швайнштайгер, Мюллер, Рибери, Роббен-Левандовски   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×