"Ювентус"-"Милан". Сенбідегі матч

06.02.2015, 03:58
"Ювентус"-"Милан". Сенбідегі матч
Бұл екі команданың кездесуі әлемдік деңгейдегі кездесу қатарынан кеткелі қашан. Осыдан он жылдай уақыт бұрын "россенери" мен "кәрі сеньора" арасындағы текетірес Италияның ең басты футбол матчы саналатын. Уақыт өте келе, біресе "Ювентус" құлдырап, соңғы 2-3 жылда "Милан" күшін жоғалтып, бүгінде бұл екі алпауыт команданың алға қойған мақсаттары екі бөлек. "Ювентуске" бүгінгі таңда Италияда мықты қарсылас жоқтың қасы. "Рома", "Наполиді" қанша көкке көтергенмен, түптеп келгенде Скудеттоға бәсекелестікте туриндіктерге төтеп бере алмайды. Әрине, бұл өз кезегінде "Ювентусқа" еуроаренада кері әсерін тигізіп жүр. Ішкі біріншілікте қарсылыққа тап болмаған "Ювентус", Чемпиондар Лигасының кәрі қасқырларына қарсы келгенде жоғарғы деңгейдегі бәсекенің не екенін ұмытып қалады. "Миланның" бүгінгі мақсаты Чемпиондар Лигасы емес, Еуропа Лигасына жолдама берер орынға көтерілу. Оның өзіңде команда 7-ші орыннан ары аса алар емес. Қатарынан бес матч бойы жеңбеген Индзаги командасы, өткен турда басты аутсайдер "Пармадан" өз алаңында 3:1 есебімен басым түсіп, еңсені біраз тіктеген болатын. Бірақ, сенбі күні "россенериді" тозақ оты, Туринде чемпион, көшбасшы "Ювентус" күтіп тұр. Жығылғанға жұдырық, ойынға бірнеше негізгі құрамның футболшылары қатыса алмайды. Сапате, Де Шильо, Абате, Эль-Шааравилерде жарақат болса, Монталиво мен Де Йонгтың да алаңға шығу-шықпауы екіталай. Мексес пен командаға жаңадан қосылған Дестро "Ювентус-Аренада" әріптестеріне көмектесе алмайды. Алаң иелерінен Лихштайнер алаңға шыға алмағанмен, жарақатынан айыққан Видаль негізгі құрамнан орын алады деп күтілуде. Аллегри жігіттерінің бәрі сақадай сай. Мүмкін, өз алаңында "Милан" чемпиондарға қарсылық көрсете алар, бірақ "Ювентус-Аренада" емес. Бұл стадионның қожайындары соңғы 29 ойынның 27-ін жеңген. Еуропада ешбір команда мұндай жетістікпен мақтана алмайды. Онымен қоса, 4 кездесу бойы "Ювентус" "Миланды" жеңіп келген. Сондықтан бұл ойыннан күтетініміз туриндіктердің сенімді жеңісі. Ірі есеп тіркелсе де таңғалудың қажеті жоқ. Екі команданың болжамды құрамдары: Ювентус: Буффон-Падоин, Бонуччи, Кьеллини, Эвра-Пирло, Погба, Маркизио, Видаль-Льоренте, Тевес Милан: Диего Лопес,-Дзаккардо, Алекс, Рами, Боккети-Эссьен, Поли, Мунтари-Хонда, Менез, Бонавентура   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ  
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×