
«Атырау» футбол клубы трансферлік саясатын түсіндіріп, маусымның қалған бөлігіндегі басты мақсатын айтты.
«Құрметті жанкүйерлер, клубқа келіп жатқан легионерлердің барлығы да демеушілік жеке қаражат есебінен төленетінін хабарлаймыз. Оларға бюджеттің қаражаты жұмсалмайды.
Екіншіден, Олжас Керімжанов, Вадим Яковлев сынды тәжірибелі қазақстандықтарға басымдық беріліп, Темірлан Жиенәлиев, Юсуф Сайдалиев және Бейбіт Кереев сынды жергілікті жастар негізгі командаға көтерілді. Одан бөлек Ринат Жұматов, Нұрасыл Тоқтаров, Ескендір Қыбырай, Ерсұлтан Қалдыбеков, Ян Труфанов, Карим Смыков сынды өз ойыншыларымыз да жоқ емес.
Үшіншіден, «Атырауда» бірнеше маусым өткізген Егор Хаткевич, Игорь Стасевич, Жоэль Каямба және т.б футболшылар жағдайды тұрақтандыру үшін шақырылды. Сондай-ақ, Қазақстан премьер-лигасын өте жақсы білетін Руслан Юденков, Горан Милойко, Константин Дорофеев, Лука Згурский және тағы басқа легионерлер бекер алынған жоқ. Бүкіл легионерлер қазіргі таңда «Атырау» басты міндетін шешу мақсатында 3-4 айлық келісім-шартқа ие. Кез-келген ауысым және трансфер «Атырау» клубының чемпионатта қалуы үшін жасалып жатқан жұмыс екенін ескерген жөн.
«Атырау» футбол клубы баршаңызды қаңқу әңгімелерге назар аудармай, команда атына нұқсан келтіретін ақпараттардан аулақ болуға шақырады», - делінген клубтың баспасөз-қызметінің мәлімдемесінде.
«Атырау» 14 турдан кейін 5 ұпаймен турнирлік кестеде ең соңғы орынға табан тіреуде. Виталий Жуковскийдің командасы келесі турда «Ақтөбеге» қарсы тұрады (5-шілде).
Біздің серіктес: FONBET