Литваның «Жальгирис» клубы жанкүйерлер тарапынан болған наразылықтан кейін шешім қабылдауға мәжбүр болды. Алайда көпшіліктің күткені орындалмады — қызметінен кеткен адам бас бапкер Владимир Чебурин емес, клуб директоры Вильма Венсловайтиене болды.
Ол тек атқарушы директорлық қызметінен ғана емес, сонымен қатар клубтың басқарма құрамынан да кететінін мәлімдеді.
Айта кетейік, соңғы кездері «Жальгирис» жанкүйерлері команданың ойын деңгейіне, әсіресе жаттықтырушылар штабының жұмысына көңілі толмай, наразылықтарын ашық білдіріп келген болатын.
Бұл жағдай, әсіресе отандық футбол жанкүйерлеріне таңсық көрінуі мүмкін. Себебі бізде, әдетте, директорлар әкім кеткен соң ғана орнын босатады, ал бас бапкерлер маусым сайын жиі ауысады. Ал мұнда — жауапкершілікті клубтың жоғарғы басшылығы өз мойнына алып отыр.
Литвалық клубтың бұл шешімі футболда ашықтық пен жанкүйерлер пікіріне құрмет көрсету мәдениетінің маңызды екенін көрсетіп тұр.