
Өзбекстан футболымен етене таныс журналист Николай Егорычев өзінің телеграмм-арнасында Әли Әлиевтің пікірлері жайлы жазба қалдырды.
Футбол агенті Қазақстан құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы Әли Ханәліұлының Өзбекстан мен Қазақстан құрамаларының, Абдукадир Хусанов пен Дастан Сәтпаевты салыстырып айтқандарына қатысты ойын жеткізді.
«Қазақстан құрамасының жаңа бапкері өте қызық. Әли Әлиев кез-келген ыңғайлы сәтте Өзбекстанның тарапына «біртүрлі» пікірлерін айтып қалады. Міне солардың кейбірінен;
«Дастан Сәтпаев Хусановтан мықты»;
«16 жасында Хусановты ешкім білген жоқ. Ал Сәтпаевты біз 16-да «Челсиге» сатып жібердік»;
«Егер біз Азияда ойнасақ, Әлем біріншілігіне шығамыз. Мен бірде-бір рет Өзбекстан құрамасының жапониялықтар мен корейлермен бір топта болғанын көрмеппін».
«Қазақстанға ел ретінде, футбол тұрғысында көзім түзу. Қазақстанда жақсы қарым-қатынастағы әріптестерім де бар, алайда, Әлиевтің сөздері қоғам назарын негізінен өзінің мәселелерінен аударудың амалы сияқты көрінеді.
Жалғыз Сәтпаевпен алысқа бармайсың – ересек деңгейінде небары 6 ойын ғана өткізді. Енді оны Хусановпен салыстыруға бола ма? Әй-қайдам. Ал Жапония мен Кореяға қатысты: расында да Өзбекстан құрамасы олармен біраздан бері кездескен жоқ. Бірақ Иранға қарсы матч (2:2, екі рет 0:0-ден), Аустралия (1:1) және Мексикамен (3:3) өткен ойындар. Бұл Әлем чемпионаттарына тұрақты шығып жүрген командалар. Қазақстан қазір Әлиевтікіндей пікірлерге емес, жаңаруға мұқтаж екені анық. Лихтенштейнді ұтқаны күмәнсіз, керемет нәтиже. Бірақ, команда жуырда Люксембург, Армения мен Әзербайжанға есе жіберді. Отырып алып әңгіме айту жұмыс істеуден әлдеқайда оңай ғой», - делінген Н. Егорычевтің жазбасында.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы сырт алаңда Лихтенштейнді 2:0 есебімен жеңді. Ұлттық команда сапынан Максим Самородов пен Александр Марочкин мергендік танытқан болатын. Енді Әли Әлиевтің шәкірттері 9-маусымда өз алаңында Солтүстік Македонияны қабылдайды. Одан кейінгі кездесу қыркүйектің төртінде Уэльске қарсы өтпек. Бұл матч Қазақстанның алаңында болады. Әзірге ұлттық құрама екі турдан кейін 3 ұпаймен үшінші сатыға жайғасқан.
Біздің серіктес: FONBET