Жаңа бағдарлама ел футболын өрге жетелей ала ма?

13.01.2012, 19:11
Жаңа бағдарлама ел футболын өрге жетелей ала ма?

Жаңа жыл қазақ футболына жаңа жаңалығын ала келді. Иә, газетіміздің кешегі нөмірінде аздап шолып өттік: «Қазақстан Республикасындағы балалар және жасөспірімдер футболының 2012-2022 жылдар аралығындағы дамуы концепциясы» деп аталатын он жылдық бағдарлама жасалды. Енді осы жобаның жұмыс істеу жүйесі туралы толықтырып кетсек. «Концепцияны толық аяқтап қойдық қой. Мұның қалай жұмыс істейтінін әбден зерттедік. Енді мен бес-алты жылдан кейін Қазақстанның жасөспірімдер құрамы әлем және Еуропа біріншіліктерінің іріктеу турнирлерін оп-оңай өте алады деп 100 пайыздық сенім­мен айта аламын. Ал жасөспірімдердің жеңістерінен кейін көп ұзамастан жастар құрамасы да, ұлттық құрама да сәтті ойын өрнектерін көрсете бастайтыны сөзсіз».

Бұл – Саян Хамитжановтың сөзі. Демек, оның сөзіне сенсек, бес-алты жылдан кейін жасөспірімдеріміз әлем және Еуропа чемпионаттарының финалдық кезеңдерінде өнер көрсетпек. «ҚФФ бас хатшысы болашақты болжайтындай көріпкел емес шығар» деп ойлап отырған шығарсыздар. Бірақ қолға алған жобаңның 100 пайыз нәтиже береріне сенімді болсаң, неліктен ел футболының болашағына көз жүгіртпеске?! Қазақстан футбол федерациясының спорттық директоры Анатолий Юрьевич ел футболының қазіргі жайын пирамида мысалы бойынша түсіндіруге тырысты. Анатолий Иванович пирамиданың сонар басына ұлттық құраманы қойыпты. Одан төменде премьер-лига, бірінші лига және жастар құрамасы орналасқан. Оның астында U-19, U-17 құрамалары тұр. Ал ең астында – балалар және жасөспірімдер футболы. – Түсіндіңіздер ме, футболшы осы пирамида жүйесі бойынша сатылай дамуы керек, – деп Анатолий Юрьевич өз мысалын алға тартты. – Қазақстан футболында осы «пира­миданың» өкінішке қарай, төменгі бөлігі дұрыс дамымай тұр. Тіпті балалардың жаттығу процестеріне де көңілің толмайды. Ал балалар және жасөспірімдер футболын дұрыс жолға қоймай, халықаралық аренада жетістіктерге жетеміз деу – бос сөз. Мәселен, жеті жасқа дейінгі жеткіншектердің бір күнгі жаттығуы төрт бөліктен тұруы керек. Оның 30 пайызы әртүрлі дене қозғалыстары мен қарапайым жүгіріске арналса, 20 пайызында доппен қарапайым жаттығулар жасауы қажет. Тағы 20 пайызы доппен қозғалмалы ойындарға арналып, қалған 30 пайызында шағын алаңда футбол ойнаулары керек. Қоса кетейін, жас жеткіншектің футболшы ретінде 21 жасқа дейінгі дамуы алты кезеңнен құралуы тиіс. Яғни 8-10 жас аралығы, 11-12 жас аралығы, 13-14 жас аралығы, 15-16 жас аралығы, 17-18 жас аралығы және 19-21 жас аралығы. Оның әрқайсысында жаттықтыру­шы футболдың әртүрлі қырларына үйретуі қажет. Былтыр «Ордабасының» бас бапкері болдым. Маман ретінде мен футболшыларымның қай жаста қандай қате жібергендерін тура айта аламын. Мәселен, Дәуренбек Тәжімбетов 15-16 жасында жеке тактикалық ше­берлігін, 17-18 жасында командалық ойын өрнегін шыңдауы керек еді. Виталий Евстигнеев – сөз жоқ, талантты ойыншы. Бірақ 13-16 жас аралығында не үйренгенін білмеймін. Жеке тактикалық шеберлігінен бөлек, ойын ырғағын түсінбейді. Мұны 13-14 жасында жаттықтырушысы бойына сіңіруі тиіс еді. Ойын ырғағы дегеніміз не?! Футболшы матч кезінде ойынның ырғағын сезіне білуі қажет. Қай кезде қай тұсқа ашылуы керек еке­нін алдын ала ойлап тұруы керек. Өкінішке қарай, Виталикте бұл жағы ақсап тұр. Білікті маман 10 минуттың ішінде-ақ футболшының қай кезеңде қандай жаттығуды жіберіп алғанын бірден байқайды. Міне, осының барлығын болдырмау үшін біз аталмыш концепцияны жүзеге асырып отырмыз. Айтып өткеніміздей, концепцияның аясында 2013 жылдан бастап премьер-лиганың әр клубында мамандандырылған футбол орталықтары жұмыс істейтін болады. Оларды ҚФФ-ның спорттық директорына бағынатын техникалық директор басқарады. Әр футбол орталықтарында техникалық директорға бағынатын 10 жаттықтырушыдан жұмыс істейтін болады. Олар балаларды кезең-кезеңімен жаттықтырады. Бапкер ретінде жергілікті білікті мамандарды да тартуға болады. Және де жалақылары 1000 АҚШ долларынан кем болмауы тиіс. Ал балаларды он жастан бастап жаттықтырады. Шынын айтсақ, «Қазақстанда балалар жаттықтырушысы 1000 АҚШ доллары көлемінде айлық алады» дегенді бұрын-соңды естімеппіз. – Егер осы жобамыз керемет жүзеге асатын болса, ал мен бұған сенемін. Онда 2026 жылы Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионатының финалдық кезеңінде өнер көрсетеді. Өйткені 2026 жылы ұлттық құрама сапын бүгінгі 7-8 жасар бүлдіршіндер құрайтын болады, – деп нық сеніммен айтты Анатолий Юрьевич. Сөз соңында айта кетейік, Қазақстан футбол федерациясы өз алдына 2016 жылғы Еуропа чемпионатының да ақтық кезеңіне шығуды мақсат қойғанын білеміз. Бірақ ҚФФ бұл мақсаттарынан бас тартуға мәжбүр болған секілді. – Өздеріңіз білесіздер, 2008 жылы Қазақстанға УЕФА басшысы Мишель Платини мен бас хатшысы келген болатын. Сонда біз өзіміздің 7-8 жылға арналған мемлекеттік бағдарламамызды көлденең тартқанбыз. Соның сонар шыңы ретінде 2016 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шығуымыз керек болған. Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін ҚФФ бюджетіне 500 миллион АҚШ доллары аударылуы қажет еді. Бірақ бәрін дағдарыс бүлдірді. 2-3 жыл күттік. Бізге қаржы аударылған жоқ. Мемлекеттің басқа да маңызды шаруалары барын түсініп, бұл мақсатымызды кейінге шегеруге мәжбүр болдық. Дегенмен қиындықтарға қарамастан Еуро-2016 турнирінің финалдық кезеңіне шығуға талпынамыз. Алайда бұрынғыдай уәде бермейміз. Иә, өкінішке қарай, 2008 жылғы бастамамыз жүзеге аспай қалды. Енді осы концеп­цияның іске асуын тілейтін болайық. Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×