Жаңа маусымның бірінші ойыны немесе алғашқы нәтиже тіркелер күн. Кім мықты? Кім әлсіз?

07.03.2015, 08:28
Жаңа маусымның бірінші ойыны немесе алғашқы нәтиже тіркелер күн. Кім мықты? Кім әлсіз?
Ертең Қазақстан халқы үшін футбол додасының жалауы қайта желбірейтін күн. Қазақ жанкүйерлері тағатсыздана күткен Қазақстан Премьер лигасының алғашқы ойындары ойнатылады. Жаңа маусым біз күтпеген тосын сыйлармен, қызықты әрі тартысты ойындармен есте қалады деген ойдамын. Барлық командалардың армандары асқақ, мақсаттары биік. Ендеше сол қазақстандық футбол клубтарға аздаған шолу жасап өтейін. Бірінші лиганың жеңімпазы Оқжетпес жоғарғы лига командаларының қатарына қайта қосылған болатын. Команда тізгінін білікті бапкер Владимир Мұқанов ұстады. Қарымды командаларға лайықты қарсылық көрсететіндей жаңа құрам жасақтады. Ендігісін уақыт көрсетер. Көкшетаулық ұжым алғашқы ойынын елордада "Астана" клубымен өткізбекші. Cu7U5Xtj4eU Командалар арасында көптеген өзгерістер орын алды. Еуропаға жорығын алғашқы боп бастап, жарқын жеңістерімен көпшілікті шулатқан "Шахтер" қиын жағдайға тап болып, жанкүйерлерді біраз алаңдатты - ау. Футболшылары команда сапынан кеткені былай тұрсын, бас бапкер Кумыковтың кеткені біз үшін үлкен жаңалық болды. Есесіне кеншілер сапына Литвадан қарағандының тумасы Чебурин мырза келді. Қазақстандық бапкер "Круоя" командасымен біріншіліктің күміс жүлдесін жеңіп, Еуропа лигасына жолдама алса да, туған еліне келуді жөн санады. Мұнысын құп көрдік. "Кеншілерді" де жеңіске жетелер деген ойдамыз. Қарағандының "Шахтер" клубы да түзде "Тараз" командасымен ойын өткізеді, ертең. Жеңске жетеміз деп отыр "Шахтер" ойыншылары. Тараз да осал қарсылас емес. Тараз таланттардың мекені. Клубтың қаржысы аз болса да, жас өрендері еліміздің түпкір - түпкірінде доп теуіп, жасындай жарқылдап жүр. Осы жылы да талантты футболшылары еліміздің бетке ұстар клубтарына ауысып жатса таң қалмаңыз. Евгений Яровенконың шәкірттері жанкүйерлерінің сенімін ақтап, жақсы нәтижеге қол жеткізуге барын салатын болады. Ал Кумыков мырза шырайлы Шымкентке қоныс аударды. Ордабасының бапкері атанды. Еуропа лигасына қатысатын команда үшін бұл керемет жаңалық болды. Мықты футболшылардың легі де осы командаға келді. Шымкеттік жанкүйерлер дән риза. Олар ертең Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы жасыл алаңда Ертіспен өзара кім мықтыны анықтайтын болады. Ордабасы олжалы бола ма, жоқ Ертіс ерлей ме, оны уақыт еншісіне қалдырдық. Көптеген мамандар чемпиондыққа лайықты деп "Астана", "Қайрат", "Ақтөбе" командаларын айтуда. Айтса айтқандай. Алдыңғы екеуінің демеушілері мықты, әрине. Бапкерлері де еуропаға танымал. Олардың құрамы осал емес. Бірі Чемпиондар лигасына қатысса, екіншісі Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығуға бар күшін салмақшы. Сәттілік тілейміз, әрине. Ақтөбе футболы әлдеқашан дамып кеткенін білесіздер. Команда сапында біраз өзгерістер орын алды. Жаңа футболшылардың қарымын ойын кезінде көрерміз. Еурододаның іріктеу ойындарына тұрақты қатысып жүрген команданың, әзірге жолы болар емес. Топтық кезеңге өту - олар үшін әлі бағынбаған белес. Жанкүйерлері де керемет қолдау көрсете біледі. Бұл қалада футболға деген құрмет ерекше. "Ертіс" те қатардан қалмай ресейлік танымал бапкер Черышевты шақыртты. Қазақстан Премьер лигасының бес дүркін чемпиондарын бұрынғы қалпына қайта келтіру үшін, жаңа бапкер барын салып көрмек. Керекулік ұжым осы жылы ел біріншілігіне тас түйін дайын. Команда құрамы да мықты. Чемпиондыққа таласатын қауқары бар. "Қайсар" - қайсар мінезді команда. Огайдың оғыландай сарбаздарының жасағы кез келген қамалды бұзып өтуге дайын. Талдықорғандық "Жетісу" да Асқар Қожабергеновтың басшылығымен біраз биіктерді бағындырамыз деп отыр. Бұрынғы жетістігін қайталай алар ма екен? Қос команда арасындағы ойын, қашан да тартысқа толы өтеді. Қызылорданың "Қайсары" аздаған басымдыққа ие. Өйткені, олар "Жетісу" командасын өз алаңында қабылдайды. Атырау да қысқы трансферлік маусым аралығында жаңа ойыншыларды қатарына қосты. Басшылық бас бапкер Владимир Никитенкоға командамен үздік алтылыққа кіруді тапсырды. Мұнайлы өлкенің футболшылары да аянып қалмасы анық. "Атырау" алғашқы ойынын "Ақтөбе" клубымен түзде өткізеді. Батыстық екі команданың арасындағы дерби қашан да  қызықты әрі тартысты. Алғашқы ойында, алғашқы ұпайды қай команда еншілер екен? Қайраттың жағдайы белгілі, ал Тобыл ше? Бір кездері біріншіліктің басты фаворитіне айналған қостанайлық ұжымның бүгінгі жағдайы қалай? Армениялық маманға тізгінді ұстатқалы "Тобыл" жаман нәтиже көрсеткен емес. Алдыңғы жылы бірінші алтылыққа енбеді демесеңіз, жақсы ойын өрнегін көрсетті. Жұмасқалиев бастаған футболшылар жаңа маусымда жоғарғы орыннан көрінуді көздеп отыр. Алғашқы ойындары да оңай болмасы анық. Қарсылас қарымды. Дегенмен, қарсыластан сескенетін "Тобылды" көріп тұрған жоқпыз. Олар Алатаудың баурайына бір ғана мақсатпен келеді. Тек жеңіс үшін. Драмаға толы ойын осы Орталық алаңда болмақ. Алаң қожайындарының мерейі үстем бола ма, жоқ қонақтар қоржынын толтырып қайта ма екен ? - деген сауал көпшіліктің көкейінде тұрған шығар. Бастысы, аяқдопшылар футболды сағынған жанкүйерлер үшін керемет ойын өрнегін көрсете білсе болғаны. Абылайхан ЖҰМАШ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×