Жанкүйер қолдауы мен жасанды алаң артықшылығымыз болмақ

Жанкүйер қолдауы мен жасанды алаң артықшылығымыз болмақ

Бүгін Астана-Арена стадионында Ұлттар лигасының плей-офф кезеңі аясында Қазақстан мен Молдова командалары қарымта кездесу өткізеді. Бірінші кездесуде 2:1 есебімен жеңіске жеткен қазақстандықтарға С лигасында қалу үшін өз алаңдарында тең есеп те жеткілікті. Ал қонақтарға қарымта ойында тек жеңіс керек.

Қазақстан

Кишиневте алаң иелерінен басым түскен Қазақстан құрамасы жауапты ойында да жеңіске жеткісі келеді. Сондықтан Карпович футболшылары тек қорғанысқа иек артпай, сәті келгенде шабуылдап, әр мүмкіндігін оңтайлы пайдалануды көздейді.

Бұған дейінгі алты кездесуде Қазақстан құрамасы Молдованы үш рет жеңіп, екі рет жеңілген, бір мәрте тең түскен. Бүгінгі матчта да Карпович футболшылары жеңісті жолын жалғастырып, кезекті рет мықтылығын дәлелдеп көрмек. Жанкүйерлер құраманың жұлдызды ойыншысы Бақтиер Зайнутдиновтан гол күтеді.

Молдова

Сергей Клещенко жаттықтыратын Молдова құрамасына екінші ойында екі немесе одан да көп доп айырмашылығымен жеңіске жету керек. Егер сырт алаңда бір доп айырмашылығымен басым түссе ойын овертаймға ұласады.

Жалпы ресми матчтарда молдовалықтар 24 ойын бойы жеңіске жете алмай келеді. Олар 22 рет жеңіліп, 2 рет тең түскен. Сырт алаңдағы ресми ойындарда 13 рет жеңілген.

Қазақстанда олар осы сәтсіз сериясына нүкте қоюды, Кишиневте кеткен есені қайтаруды мақсат тұтып отыр. Әрі бірінші матчтағы қателіктерін түзетіп, сырт алаңда өздері үшін қолайлы нәтижеге қол жеткізу үшін барын салады. Қонақтар сапындағы ең қауіпті ойыншылардың бірі – алғашқы ойында гол соққан Ион Николаеску. Осы футболшы Қазақстан құрамасының қорғаушыларына біраз қиындық тудыруы мүмкін.

 

Спорт мамандарының болжамы қандай?

Көптеген футбол сарапшылары осы ойында қос команда футболшылары бір-біріне гол соғатынын, ендібірі алаң иелерінің жеңіске жететінін болжапты. Біз де білікті футбол сарапшыларының бүгінгі матчқа болжамын білдік.

Жандос Айтбайұлы, спорт журналисі

– Бүгінгі кездесу де тартысты болады деп ойлаймын. Молдова құрамасының футболшылары қалайда есе қайтарудың жолын қарастырады. Сондықтан да шабуылға иек артады. Қазақстан құрамасына қарымта шабуылдан гол соғатын мүмкіндіктер пайда болады. Егер футболшыларымыз қорғанысқа жатып алмаса, бүгін жеңіске жетуіміз керек. Жалпы Астана-Аренаға келген командалар жиі сүрінеді. Өйткені жасанды алаңға көбі бірден үйренісіп кете алмайды. Ал біздің ойыншылар осы сәтті оңтайлы пайдалануы тиіс. Одан бөлек жанкүйерлердің қолдауы да қосымша көмек болмақ. Бірақ менің ойымша, кездесу тең есепппен аяқталатын сыңайлы. Қалай болғанда да Қазақстан қарсыласынан өз алаңында жеңілмейді.

Мадияр Қазыбек, спорт шолушысы

– Молдовамен болған алғашқы ойын, қорғанысымыздың әлсіз тұстарын нақты көрсетіп берді. Карповичке үлкен сабақ болды деп ойлаймын.

Бүгінгі ойында шабуылдаушы ойын көрсетуіміз керек. Жылдам гол соқсақ, матчты толық бақылай аламыз. Номиналды екі шабуылшы шығарса құба-құп. Зайнутдиновті орталық жартылай қорғанысқа қою керек. Молдова үлкен күшпен шабуылдаса, қорғанысы әлсіреп қалатынын көзіміз көрді. Осындай сәттерді пайдалануымыз қажет. Бұл жерде бәрі Бактиердің тәжірибесі мен шеберлігіне байланысты. Щеткин мен Нәрзілдаевті бірінші минуттан бастап шығарудың қажеті жоқ сияқты, Алексей ауыр қимылдады, ал Думанды алаңнан таппай қалдық. Менің болжамым – алаң иелері минималды есеппен жеңіске жетуге тиіс.

Қазақстан мен Молдова арасындағы ойынға отандық спорт сарапшыларынан бөлек ресейлік бірқатар спорт аналитиктері де болжам жасаған екен. Осы ретте «Match TV» арнасының спорт комментаторы, «Букмекерлік кеңселер рейтингінің» тұрақты сарапшысы Константин Геничтің де аталған ойынға болжамын назарларыңызға ұсынғалы отырмыз.

– Қазақстан құрамасы қарымта кездесуді өз алаңында, Нұр-Сұлтандағы жасанды алаңда өткізеді. Сондықтан Карпович футболшыларының оң нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндігі жоғары. Молдова бес кездесуде қатарынан жеңіліске ұшырады. Кишиневтегі кездесуге дейін Қазақстан да ресми матчтарда жеңіске жете алмай жүрген. Қатарынан үш ойында жеңілді.

Бүгінгі ойында деңгейлес қос құраманың тартысты ойынын көреміз деп үміттенемін. Молдова құрамасы біраз тәуекелге барары анық. Бұл сәтті оңтайлы пайдалана алса қазақстандық футболшыларда гол соғатын бір емес бірнеше мүмкіндік болады. Меніңше ойымша, бұл ойында алаң иелері минималды есеппен жеңіске жетеді, – деп болжам жасады Константин Генич.

PS. Бүгін қос құрама үшін маңызды ойындардың бірі өтеді. Екі кездесу қорытындысы бойынша бір команда Ұлттар лигасының С тобында ойнауға жолдама алып, Словакия, Беларусь, Әзербайжанға қарсылас атанады. Жеңілгені D тобындағы Лихтенштейн, Андорра, Латвиямен үзеңгі қағыстырады. Біз бүгінгі ойынға қатысты жоғарыда спорт мамандарының болжамын ұсындық. Ал қарымта кездесудің нақтықандай есеппен аяқталарын санаулы сағаттардан соң білетін боламыз.

 

 

Абылайхан ЖҰМАШ

 


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×