Жанкүйерлердің сүйіктісінен сатқынға айналған ба? Ливерпульде Трент Александр-Арнолдтың қабырға суреті бүлдірілді

05.11.2025, 15:05

"Ливерпульдің" бұрынғы қорғаушысы Трент Александр-Арнолд өзінің туған қаласына оралмас бұрын сын мен наразылықтың ортасында қалды. Ойыншының бейнесі салынған сурет белгісіз адамдар тарапынан бүлінді.

Жанкүйерлердің сүйіктісінен сатқынға айналған ба? Ливерпульде Трент Александр-Арнолдтың қабырға суреті бүлдірілді

Александр-Арнолдтың бейнесі Энфилд маңындағы Сибил-Роуд көшесінде орналасқан болатын. Бұл сурет оның 2019 жылы Чемпиондар лигасын жеңген сәтінен шабыт алып салынған. Онда оның:

"Мен – Ливерпульден шыққан қарапайым жігітпін, арманым орындалды.” – деген сөзі жазылған еді.

Бейнені The Anfield Wrap атты танымал ливерпульдік жанкүйерлер жобасы тапсырыспен салдырған. Автор — Француз көші-артисті Akse. Сурет жанында "Fans Supporting Foodbanks” ұйымына арналған алғыс та бар. Бұл қайырымдылық бастаманы Трент клубта жүрген кезінде қолдаған болатын.

Белгісіз адамдар қабырға суретіне ақ бояу шашып, үстіне Испан тілінде "Adios El Rata" ("Сау бол, Егеуқұйрық") деген жазу қалдырған. Сонымен қатар, бірнеше жеріне "Rat” (Егеуқұйрық) деп жазылған.

Бұл — суреттің екінші рет бүлінуі. Бұған дейін, Тренттің "Ливерпульмен” қоштасар алдындағы соңғы матчында да дәл осындай жазулар пайда болған. Кейін жанкүйерлердің бір бөлігі оны бұрынғы қалпына келтірген еді.

Жанкүйерлердің наразылығының басты себебі — Александр-Арнолдтың клубтан кету тәсілі. Ол келісімшартын созбай, маусым соңында еркін агент ретінде кетті. Нәтижесінде "Ливерпуль” өз түлегінен айтарлықтай қаржылай пайда көрмей қалды.

Ойын алдындағы сұхбатында Александр-Арнолд жанкүйерлердің реакциясын түсіністікпен қабылдайтынын айтты.

"Мені қалай қарсы алу — жанкүйерлердің таңдауы. Бірақ менің сезімім ешқашан өзгермейді. Ливерпуль мен үшін мәңгі сүйікті клуб болып қала береді. Біз бірге жеткен жетістіктер мен естеліктер менің жүрегімде сақталады.” — деді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×