“Жанымызда құрбан шалып жатты” – Украиналық қақпашы Қазақстандағы ерекше дәстүрге таңғалды

22.12.2025, 08:10

2024 жылғы маусымда Талдықорғанның "Жетісу" командасында өнер көрсеткен Украиналық легионер Орест Костик Қазақстандағы мәдени ерекшеліктер туралы өз әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Aladop.kz.

“Жанымызда құрбан шалып жатты” – Украиналық қақпашы Қазақстандағы ерекше дәстүрге таңғалды

Оның айтуынша, қазақ футболындағы ең таңсық дүние — маңызды ойындар алдындағы құрбандық шалу рәсімі болған.

Сәтсіздіктен құтылу үшін жасалған рәсім

Костик Қазақстанда жүргенде футбол алаңының дәл жанында қой сою рәсіміне екі рет куә болғанын айтады. Бұл — жергілікті ұжымдардың сәтсіздіктен арылып, жолдары ашылуы үшін жасайтын көне жоралғысы.

"Маған Қазақстанда нағыз мәдени шок болған сәт — алаң жиегінде қой сою рәсімі болды. Бұл оларда жол ашу үшін жасалатын құрбандық шалу ритуалы екен. Біздің командада мұндай жағдай екі рет қайталанды.” — дейді қақпашы Nv.ua сайтына берген сұхбатында.

Спортшы алғашқы жоралғыға барудан бас тартқанын, бірақ екінші ретінде қызығушылық жеңгенін жасырмады.

"Алғашқысында баруға жүрегім дауаламады, көргім келмеді. Кейін қызық көрініп, барып тамашалауды жөн көрдім. Айта кетерлігі, бұл жерде ешқандай мәжбүрлеу жоқ — қаласаң барасың, қаламасаң өз еркің. Көз алдыңда мұндай әрекеттің жасалуы кейбір адамдарға жайсыз тиюі мүмкін екенін түсінемін."

Украиналық футболшыны бұл дәстүрдің соңында атқарылатын қайырымдылық ісі тәнті еткен. Оның пікірінше, құрбандыққа шалынған малдың етін тарату — өте игі қадам.

"Еттің бір бөлігін мұқтаж жандарға береді, бұл меніңше үлкен плюс. Олар көмекке мұқтаж адамдарды алдын ала біліп, соларға үлестіреді. Ал қалған еттен бізге асханада тамақ әзірлейді.” — деп түйіндеді сөзін Орест Костик.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 6
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 1
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×