Жапондар жаһанның үздігі атанды

20.07.2011, 18:06
Жапондар жаһанның үздігі атанды

Жапондар жаһанның үздігі атандыӘйелдер арасындағы футболда жаңалық көп. Азияның өкілі - Жапония құрамасы әлемді мойындатып, азулы АҚШ- тың аузын айға қаратып, алтыннан алқа тағынды. Бұған дейін жапон қыздары «алтын» былай тұрсын, жүлдеге маңайлай алмаған еді. Ал Германия жерінде өткен әлемдік додаға іріктеу барысында бірде-бір ұпай олжалай алмай, өз тобында ең соңғы орында қалған Қазақстан әйелдер құрамасына жаңа бапкер тағайындалды. Сондай-ақ отандастарымыздың 2013 жылы өтетін Еуропа чемпионатына берілер жолдама жолындағы қарсыластары да мәлім болды.

Вагановтан басқа ешкім болмады ма?

Жырақтағы жапонның жайын қоя тұрып, әңгіменің әлқиссасын өз еліміздегі жаңалықтардан бастасақ. Өздеріңізге жақсы мәлім, әйелдер құрамамыз үшін 2011 жылғы әлем чемпионатына іріктеу ойындары өте сәтсіз аяқталды. Біздің қыздар бұл сында Швейцария, Ресей, Ирландия және Израиль құрамаларына қарсы тұрған болатын. Өкінішке қарай, сол іріктеу кезеңінде Қазақстан командасын ерінбегеннің бәрі ұтты. Топтың серкелері саналатын Швейцария мен Ресейге қарсы ойында жерлестеріміздің қақпасына топырлап сегіз голдан енген еді. Жоғарыда айттық, құрама командамыздың қоржынына 8 кездесуде бір ұпай да түскен жоқ. Осы сегіз ойында біздің қыздар қарсыластар қақпасына бар-жоғы 4 гол соқса, өздеріне бақандай 32 доп енгізіп алды. Бұл, әрине, еліміз футболының тізігінін ұстаған азаматтарды ойландырса керек, жуырда командаға жаңа бапкер тағайындалды. Бірақ тізгінді қолға алған отандық маман Андрей Ваганов жауапкершілігі мол міндеттің ауыр жүгін көтере ала ма? Бұл сұраққа жауап беру қиын. Өйткені Вагановтың үлкен футболдан кеткеніне алты-жеті жылдың жүзі болды және бапкерлік қызметте Шымкенттің «Ордабасы» клубында танылғанынан ғана хабардармыз. «Ваганов, бәлен жерде түрен салып, футболды көркейтті» дегенді естімеппіз». Бір білетініміз, Андрей Ваганов жаттықтырған 2005 жылы «Ордабасы» ел чемпионатында 6-орыннан көрінді, ал келер маусымда төмен құлдырап, 13-сатыдан бір-ақ табылды. 2005 және 2006 жылдары Андрей Вагановқа «Ордабасының» қосалқы құрамымен жұмыс істеу міндеті жүктелді. Одан кейін, 2009-2010 жылдары ол, тіпті 1993 жылы туылған жасөспірімдердің бапкері болып кетті. Бірақ бүгін Вагановтың бағы жанып, әйелдер ұлттық құрамамызды жаттықтыруға қол жеткізді. Қызық... Оның үстіне Вагановтың бапкерлік дәрежесі «В» екен. Бұл аса жоғары санат емес. Мұның алдында «А» және «Про» дәрежелері бар екенін естеріңізге сала кетейік. Біз хабарласқан мамандардың пікірінше, «В» дәрежелі бапкер көбінесе төменгі лигадағы командаларды жаттықтыруы немесе жоғары лигадағы бас бапкерлерге көмекші болуға тиіс.

Вагановтың бапкерлігі ел футболына қаншалықты табыс әкелерін уақыты жеткенде көре жатармыз, ал осы кезде біздің қыздардың 2013 жылғы құрлық біріншілігіне іріктеу кезеңіндегі болашақ қарсыластарының қатары айқындалды. Швейцарияның Ньон қаласында орналасқан УЕФА-ның штаб-пәтерінде өткен жеребе тарту рәсімінде әйелдер құрамамыздың ІІ-топқа түсіп, Германия, Испания, Швейцария, Румыния және Түркия командаларына тап болғаны белгілі болды. 2011 жылдың қыркүйек айынан бастап, 2012 жылдың қара күзіне дейін жалғасатын бұл іріктеу ойындарындағы қарсыластарымыздың бәрі күшті. Швецарияның жайы жанкүйерлерімізге жақсы таныс. Әлемдік доданы екі рет ұтқан Германия туралы әңгіме, тіптен бөлек. Испания, Румыния, Түркия құрамаларының деңгейі де бізбен салыстырғанда, біршама биік екенін мойындауға тиіспіз. Қазақстан әйелдер құрамасы алғашқы кездесуін 17 қыркүйек күні өз алаңында өткізеді, қарсыласымыз - Румыния командасы.

Әйелдер жүр ала допты қуалап...

Германия жерінде ұйымдастырылған әлем чемпионатында әйелдер футболының бұрынғыдан бетер танымал бола бастағанына көз жеткіздік. Нәзік жандылар арасындағы әлем біріншілігі бертініректе ғана, 1991 жылдан бері өткізіліп келеді. Ең алғаш рет ұйымдастырылған додаға небары 12 команда қатыстырылса, кейінгі жылдары оның қатары ұлғайтылды. Әлем чемпионаты әйелдер футболының дүниежүзі бойынша кең қанат жаюына жол ашты. Мәселен, 1999 жылы АҚШ-та өткен әлемдік доданы 650 мыңнан астам жанкүйер алаң жиегінен, әлемнің 70-тен астам елінде 1 миллиардқа жуық көрермен теледидар арқылы тамашалаған екен. Осы деректің өзі-ақ әйелдер футболының спорт сүйер қауымның ықыласына бөленгенін әйгілесе керек. ФИФА сарапшыларының зерттеуі бойынша, таяу уақытта футбол ойнайтын әйелдердің саны осы спорт түрімен айналысатын ерлермен теңеседі. Қазірдің өзінде дүниежүзінде 40 миллионнан астам әйел ала доптың соңына түскен деген мәлімет бар. Енді әйелдер арасындағы санаулы әлем чемпионаттарының тарихынан дерек тартсақ. Ең алғашқы доданы Азия құрлығының өкілі - Қытай елі қабылдады. 11 команда қатысқан бәсекеде 1- орынды АҚШ футболшылары жеңіп алды. Олар финалда норвег қыздарын 2:1 есебімен ұтты. Ал қола жүлде үшін кездесуде Швеция құрамасы Германия командасының қақпасына 4 жауапсыз гол соғып, жеңімпаз атанды. Араға төрт жыл салып, Швеция жерінде жалауын тіктеген жарыстың ақтық бәсекесінде Норвегия мен Германия құрамалары кездесіп, алғашқылары 2:0 есебімен басым түсті. Қытай қыздарын 2:0 нәтижесімен жеңген америкалық футболшылар бұл жолы қола жүлдемен шектелді.

1999 жылы әлем чемпионатын АҚШ қабылдап, жарыс иелері чемпион атанды. Олар финалда Қытай командасын пенальтидің көмегімен ұтты. Матчтың негізгі уақытында есеп ашылмады. 3- орынға таласта да дәл осындай жағдай орын алып, қақпа кілтін таба алмаған Бразилия мен Норвегия құрамалары пенальтиге жүгінді. «Футбол лотереясында» Бразилия қыздарының жолы болды. Келесі әлем біріншілігін тағы да АҚШ ұйымдастырды. Бірақ алаң иелері бұл жолы қола жүлдені еншіледі. Олар 3- орын үшін кездесуде Канада құрамасын 3:1 нәтижесімен ұтты. Ал чемпиондық атақты алғаш рет Германия құрамасы жеңіп алды. Неміс қыздары финалда Швеция командасынан басым түсті, есеп- 2:1 («алтын гол»). 2007 жылғы әлем чемпионатында Германия құрамасы шешуші кездесуде Бразилия командасын 2:0 есебімен ұтып, өзінің чемпиондық атағын сәтті қорғап қалды. Норвегия құрамасын 4:1 есебімен еңсерген АҚШ командасы екінші рет қатарынан, ал жалпы үшінші мәрте қола жүлдеге иелік етті.

Сонымен, 2011 жылғы біріншілікте әлем жаңа жеңімпаздың атына қанық болды. Ол - Жапония құрамасы. Топтық кезең бәсекесінде өз тобы бойынша Англия құрамасын алға салып, 2-орыннан көрінген Жапония командасы ширек финалда 2 дүркін әлем чемпиондары - неміс қыздарын 1:0 есебімен ұтып кетті. Жартылай финалда Күншығыс елінің өкілдері Швециядан келген ұжымды 3:1 нәтижесімен жолдан тайдырды. Ақтық бәсекеде америкалық футболшыларды пенальтиден ұтқан жапон қыздары алғаш рет әлем чемпионы атанды. Азия құрлығының атынан өнер көрсеткен командалардың арасында тек Қытай құрамасы ғана 2 рет (1995 жылы - қола, 1999 жылы - күміс) жүлдегерлер қатарынан көрінген еді.

Шалқар ЕСТЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×