
«Тобылдың» жартылай қорғаушысы Ислам Чесноков жазда еуропалық клубқа ауысуы мүмкін.
Осыған дейін 25-жастағы футболшыға шотландиялық «Хартстың» қызығушылық танытқанын жазып едік, алайда, қос тарап өзара келісімге келе алмаған көрінеді. Белгілі болғандай, келіссөздердің одан ары жалғасуына қостанайлық клубтың қаржылық сұраныстары кедергісін келтірген. Сондай-ақ, соңғы ақпараттарға сай, Чесноковқа тағы бір клуб – португалияның «Боавиштасы» қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы біздің әріптесіміз, ҚФФ баспасөз-қызметінің жетекшісі Ермұхамед Мәулен мәлімдеді.
«Чесноковты «Хартс» өте қатты өзінің қатарынан көргісі келеді, бірақ олар қаржылық жағынан келісімге келе алмады. Осы жақында екінші нұсқа шықты – «Боавишта». Олар сұратылған ақшаны төлеуге дайын екендерін айтты, алайда мамырдың соңына дейін қаржылық банда екен. Сондықтан, көктемнің соңы Чесноков Португалияға кететін шығар», - деді Е. Мәулен Fonteam YouTube-арнасына берген сұқбатында.
Ислам Чесноков «Тобыл» жейдесінде 2023-жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Қостанайлық клубпен келісімшарты биылғы жылдың қазанына дейін жарамды. Футболшының нарықтық бағасы 800 мың еуро.
«Боавишта» Португалияның Примейрасында бақ сынайды. Порту қаласының намысын қорғайтын клуб 2000-жылы ел біріншілігін ұтқан.
Біздің серіктес: FONBET