Жарысқа шық, жанұялық команда!

11.05.2012, 23:29
Жарысқа шық, жанұялық команда!

Астана. «Алатау» спорт сарайы. 26-27 мамыр.

Мамыр айының 26-27-сі күндері Астана қаласында жанұялық шағын футболдан «Бір атаның балалары футбол ойнайды» деген атаумен республикалық жарыс өтеді.

Естеріңізде болса, осындай атауды иеленген жарыс біраз жылдар дәстүрлі түрде өткізіліп тұрды. Тіпті бұл жарыста республиканың әр аймағынан 60-қа жуық команда бақ сынап, нөмірі бірінші спорт түрінің көрігін қыздыратын. Бұл жарыстың негізгі мақсаты  әрбір жанұяда спортты насихаттап, шағын футболдағы команда арқылы бірлік, отбасына құрмет және елдік патриотизмге тәрбиелеу болып табылады. Өкінішке қарай, соңғы 7-8 жылда белгілі себептерге байланысты бұл жарыс уақытша тоқтап қалған болатын. Сол үрдіс биыл қайта жалғасын тауып, турнирдің бойына қайта қан жүргелі тұр.

Біз газетіміздің бұдан бұрынғы сандарында жарыстың өткізілу мерзімін алдағы уақытта хабарлайтынымызды айтқанбыз. Енді міне, мамыр айының соңында, яғни, 26-27 мамыр күндері Астана төрінде аталмыш турнир тұсауын кескелі отыр. Турнирдің өткізілетін уақытына дейін әлі біраз уақыт бар. Сол себепті оқырмандарымызға айтарымыз, біздің редакциямызға турнирге қатысатындықтарыңыз жайлы хабар жіберулеріңізге болады. Онда мекен-жай, телефон түгел көрсетілуге тиіс. Турнирге жіберілудің басты шарты әр команда осы «Sport» немесе орыс тіліндегі «Спорт» газетінің бес данасын бір жылға жазғызып алулары керек. Жарысқа осылайша жолдама алуға болады. Егер мұндай болмаған жағдайда команда жарысқа жіберілмейді. Команда құрамына шек жоқ. Тек ойыншылардың фамилиялары бірдей болулары керек. Яғни, атасы, баласы, немересі, шөбересі, т.с.с. Жиендердің командаға кіре алмайтынын ескертеміз. Олар өз аталарының командасын құра алады. Тағы бір атап өтерлік жайт, командаға қыз баланы қосамын десе қарсылық жоқ. Егер бір баланың фамилиясы өзге боп жазылса, дәлелдеуші құжаттар арқылы ол баланы командаға қоса аласыздар. Алаңда төрт адам, қақпада бір адам  командада бес адам ойнайды. Жеребе тарту рәсімі 25 мамыр күні өтеді.

Қадірменді футболсүйер қауым, жанұялық шағын футбол жарысынан шет қалмаңыздар. Асығыңыздар!

Телефондар: 8(7172) 57 79 23,

факс: 8(7172)577914.

E.mail: sport.59@mail.ru

«Sport» газетінің

редакциясы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×