Жасөспірімдерді неміс маманына тапсырдық

16.02.2011, 19:23
Жасөспірімдерді неміс маманына тапсырдық

Футболдан Қазақстанның 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасының жаңа жаттықтырушысы анықталды. Өткен жылдың қазан айында қызметінен босатылған Илья Меланичтің орнына неміс маманы Оливер Пельцер келді.Оливер Пельцер. Сізге бұл есім таныс па? Күмәніміз бар. Бұл маман ес білгелі тек жасөспірімдермен ғана жұмыс істеп келеді. 12 жасында үлкен футболды тастаған Пельцер уақыт өте келе, өзінің бапкерлік қырын тексеріп көрген екен. Сөйтіп, 1990 жылдан бастап бапкерлік қызметке түбегейлі ауысқан. Алғаш жаттықтырған клубы – «Хаузеннің» жасөспірімдер командасы. Бұдан кейін «Баварияда» 16 жасқа дейінгі жасөспірімдерді баптаған. Соңғы жаттықтырған командасы – Әзірбайжан құрамасының 15 және 17 жасқа дейінгі жасөспірім­дері. Алайда өткен жылы отбасылық жағдайына байланысты Әзірбайжаннан кетуі керек болған. – Әйелімнің аяғы ауырлап, дүниеге шекесі торсықтай ұл әкелді. Баламның жанында болуым керек еді. Сондықтан Әзірбайжан футбол федерациясымен келісімшартты бұзғанды жөн көрдім, – деді аға жаттықтырушы. Осы кезде журналистер тарапынан «Әйеліңіз тағы да жүкті емес пе?» деген әзіл аралас әрі орынды сұрақ қойылды. – Жоқ, қазір жүкті емес. Біз бар ынтамызды баламызға салмақшымыз. Ал егер болашақта ұлыма қарындас керек болса, ойланып көре жатармыз, – деп жауап берді Пельцер. «Қазір емес, алдымен келісімшартты толық өтеп, өз міндетін орындасын. Сосын барып екінші бала туралы ойлануына болады», – деп Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті Виктор Катков та журналистердің сауалына әзілмен жауап қатты. Енді Оливер Пельцердің алдында Қазақстан жасөспірімдер құрамасын Еуропаның элиталық кезеңіне шығару тапсырмасы тұр. Егер бұл міндетті орындай алмаса, неміс маманы да Илья Меланичтің кебін киері сөзсіз. Естеріңізде болар, Меланич осы тапсырманы орындай алмағаны үшін қызметтен кеткен болатын. – Оливер Пельцермен 1+1 жүйесі бойынша келісімшартқа отырдық. Яғни егер алдына қойылған тапсырманы мүлтіксіз орындаса, онда келісімшартты тағы бір жылға ұзартамыз. Негізі, бізге Қазақстан футбол федерациясының стратегиясын толық түсінетін маман керек болды. Мәселен, біз 17 жасқа дейінгі құрамада ойнаған ойыншының 19 жасқа дейінгілердің сапына өтіп, содан кейін жастар құрамасына қабылданып, ақыр соңында ұлттық құрамадан бір-ақ шыққанын қалаймыз. Яғни футболшының дәрежесін сатылай жоғарылататын маман керек. Бұл тұрғыда біз Оливер мырзамен бір-бірімізді дұрыс түсіндік деп ойлаймыз, – деді Виктор Катков. Сөз соңында қосарымыз, вице-президенттің айтуы бойынша, неміс маманына керекулік бапкер Николай Стоякин көмектесетін болады. Ал жақын арада 19 жасқа дейінгі құрамалардың аға жаттықтырушысы және жастар құрамасының аға бапкері анықталады. Айта кетейік, бұған дейін қос құраманың да тізгіні бір маманда болатын. Енді екі құрамада екі бөлек бапкер жұмыс жасайды.

Автор: Әзиз Жұмаділ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×