Бүгін Қазақстан жастар құрамасы өз алаңымызда Фарер аралдарынан жеңіліп қалды. Абырой болғанда ұятты жеңілістен аман қалдық. Не дегенмен 3:0 есебімен ұтылып жатқан едік. Бірақ есепке қарамағанның өзінде Фарер аралдарынан ұтылудың өзі үлкен ұят.
Қорғаушыларымыз бір-бірімен қателік жасаудан жарысты десек те болады. Бірінші гол сәтінде Әлібек Қасым қателессе, екінші голға аяғының астындағы допты тебе алмаған Дінмұхаммед Қашкен кінәлі болды. Ал үшінші гол соғылар сәтте енді ғана алаңға шыққан Тимур Кусяпов кешегі Марочкиннің қателігін айна қатесіз қайталады. Пенальти болған жоқ, әрине, бірақ бұл Қазақстан қақпасына соғылған үшінші гол еді.
Фарер аралдарының ойыншылары да "сыйға сый, сыраға бал" дегендей, бірінен соң бірі қателесе бастады. Алғашқы гол сәтінде команда қорғаушысы Чуквуди қақпашыға кедергі жасады, одан кейін Қазақстан құрамасына пенальти тебуге мүмкіндік сыйлады. Бірақ бұл қателіктер бізге жеткіліксіз болды. Тағы екі қателік болғанда...
Бүгін көргендеріңіздей, ойыншылар пенальти қашан береді екен деп немесе қорғаушыдан доп қашан өтіп кетеді екен деп тосумен болды. Ойыннан гол соғуды мүлдем ұмыттық десек те болады.
Бұл сәтте төрешінің көрсеткен көмегін де елеусіз қалдыруға болмайды. Бүгінгі матчта серб төрешісінің бір бүйрегі біздің құрамаға бұрып тұрғанын да байқадық. Еш ойланбай күмәнді пенальти белгіледі, оның үстіне біздің ойыншылар тарапынан болған тәртіп бұзушылықтарға көз жұма қарады. Төрешінің бұл көмегін де өз пайдасына жарата алмаған ойыншылар туралы не айтуға болады?
Осылайша, 50 мың ғана халқы бар Фарер аралдарынан жасақталған команда бүгін қазақ футболының бетпердесін кезекті рет ашып берді. Кеше Қазақстан ұлттық құрамасының Албаниямен болған матчынан кейін "деңгейіміз Фарер аралдары ма?" дейтін жанкүйерлеріміз көбейген еді. Ал бүгін қазақ футболының деңгейін жастарымыз жаһанға жар салғандай көрсетіп берді.
Оның үстіне, өз алаңымыз өзімізге жау болды. Статистикаға көз жүгіртсек, Қазақстан жастары Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде 10 ұпайға ие болды. Үш рет жеңіске жетті, бір рет тең ойнады. Бірақ бұл ұпайдың барлығына сырт алаңда қол жеткізді. Өз алаңымызда үш ұпай түгілі бір ұпай ала алмадық. Ал бүгінгі ойын Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов стадионында өтті. Алаңның сапасы маған қара деген адамдай анық көрініп тұрды. 70-80 пайызында шөп жоқ десек те болады. Бірақ бұл бізге ұтылуға болады дегенді білдірмейді. Бір жағынан бұл жастар құрамасының ойыншылары мен бапкерлеріне сай келетін сылтау болып тұр. Көрейік, не дейтінін?
Біздің серіктес: FONBET