ҚПЛ-дің 16-турында «Тобыл» - «Оқжетпес» кездесуінде алаң иелерінің жартылай қорғаушысы Жасұлан Жұмашев керемет екі гол соғып, жарқ еткен болатын.
Қостанайлық клубтың барлық жүйесінен өтіп, негізгі командаға дейін жеткен футболшымен әңгімелесіп, біраз мәселе төңірегіндегі ойын білдік.
Бұл сұқбаттан сіздер;
- Жасұлан, ең алдымен, командаңыз үшін аса маңызды жеңіспен құттықтаймыз! «Тобылдың» жетістігінде сіздің қосқан үлесіңіз үлкен. Дубльден бөлек, ерекше жестіңізбен де есте қалдыңыз. Соны бүгін әркім әрқалай жорып жүр. Енді өзіңіз айтыңызшы, оның ұлттық құрамаға қандай да бір қатысы бар ма?
– Құттықтауларыңызға көп рахмет! Расында бұл мен үшін өте маңызды ойын еді. Командама көмектесе алғаныма қуаныштымын. Ал, құрамаға қатысты сұрағыңызға келсек, жоқ ойымда ондай ештеңе болған емес. Әзірше, құрамамен арада ешқандай байланысымыз жоқ. Бірақ, өзім ойыншы ретінде дамып, ілгері басуға барымды салып жатырмын. Өз уақытымды күтіп, күнделікті жаттығуда тер төгемін, шеберлігімді шыңдаймын. Ал ондай мүмкіндік беріліп жатса, мен үшін бұл үлкен мәртебе болатын еді.
- Соңғы уақытта премьер-лигадан «Қайрат» қана емес басқа да клубтардың түлектерін көріп, қуанып жүрміз. Өзіңіз секілді жас футболшылардың өнерін тамашалап,Қостанайда да жақсы мектеп бар деген ой келеді.
- Иә, сізбен толық келісемін. «Тобылда» жас футболшыларды дайындайтын жақсы жүйе қалыптасқан. Жалпы, мұнда жастарды дамытуға үлкен көңіл бөлінеді. Балаларды ең кіші жастан бастап ары қарай саты-сатысымен өсіруге ден қойылған. Қостанайда сапалы база, білікті бапкерлер және ең бастысы жастарға деген үлкен сенім бар. Мен өзім осы мектептен өттім және барлығы үшін ризашылығымды білдіремін.
- Жалпы, жас ойыншылар үшін Ислам Чесноков, Асхат Тағыберген сияқты танымал футболшылармен бір командада өнер көрсету оңай емес деп есептейміз. Аға буынның қолдауы сізге қаншалықты маңызды, командада үлкендерден сізге ең көп көмектескен қай футболшы?
- Біздің команда өте тәжірибелі футболшылармен жасақталған және дәл қазір солардың жанында жүргеніме қатты қуаныштымын. Мұндай ойыншылармен бір командада жүрудің өзі бір бақыт. Командаластарымның ең жақсы қасиеттерін алуға тырысамын. Жалпы, бізде барлығы да жастарды қолдауға дайын. Ал енді өзіме келетін болсам, Ислам мен Романы (Роман Асранқұлов, ред.) ерекшелеп айтар едім. Үшеуіміз бір бөлмеде тұрамыз, сондықтан көп уақытты бірге өткіземіз деуге болады. Жақын дос болып кеттік.
- Жасұлан, жалпы ҚПЛ-де сіздің позицияңызда ең ыңғайсыз немесе қиын қарсылас деп кімді айтар едіңіз? Қандай команда немесе футболшыға қарсы ойнау анағұрлым қиын?
- Қорғаушылар арасында Мартынович (Қайраттың қорғаушысы Александр Мартынович, ред.). Жақсы футболшы, өте сапалы қорғаушы. Алаңдағы тағы бір ыңғайсыз қарсылас деп өзіміздің қорғаушымыз Ндиайені айтар едім. Күнделікті жаттығу барысында алаңда кездесеміз, өте мықты футболшы!
- Жалпы, Нұрбол Жәрдемұлы футболшыларға киім ауыстыратын бөлмеде не айтады? Жақсы мотиватор шығар…
- Бұл сұрағыңызға былай деп жауап берейін - Нұрбол Жәрдемұлы өте ұстамды, байсалды әрі талапшыл бапкер. Стратег деуге болады. Біздің жаттықтырушының осындай қасиеттері «Тобылды» болашақта чемпион етуі мүмкін. Иә, үлкен мотиватор, мақсатына жетпей қоймайтын адам.
- Бүгін «Қайрат» Чемпиондар Лигасындағы қарымта кездесуін өткізеді. Алматылықтардың мүмкіндігін қалай бағалайсыз?
- Меніңше, «Қайрат» дәл қазір қарсыласына қарағанда бабында және осы фактор нәтижеге әсер етуі ықтимал. Одан кейін өзінің алаңында ойнайтынын ескеру керек. Жалпы, «Қайрат» бүгін 2:1-мен жеңіске жетеді деп есептеймін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ел намысын Еурокубоктерде қорғайтын қазақстандық командаларға жеңіс тілеймін! Турнирде барынша алысқа жетулеріне тілектеспін.
- Әңгімеңізге рахмет, өзіңізге де сәттілік!
- Рахмет!