Таяуда ғана футболдан Бразилия құрамасының бұрынғы шабуылшысы Робиньо топтасып қыз зорлағаны үшін 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Оқиға Миланда 2013 жылдың 22 қаңтарында болды. 2017 жылдың 23 қарашасында Милан соты 33 жастағы футболшы мен тағы 5 адамды кінәлі деп тапқан болатын. Сол кезде Робиньо өзінің кінәсін мойындамай, сот үкіміне қарсы шағымданды. Тергеу амалдары 2020 жылдың желтоқсанында аяқталды, бірақ айыпталушылардың адвокаты апелляциялық шағым түсіріп, ол сотты мұның бәрі жәбірленушінің келісімімен болғанына сендіруге тырысты. Алайда апелляциялық шағым негізсіз деп танылды. Енді футболшы жазасын абақтыда өтемек. Бұл бас бостандығынан айырылған алғашқы танымал футболшы емес. Бұған дейін де футбол тарихында бірнеше футболшы қатаң жазаланды.
Пандемия басталған тұста Робиньоның отандасы Роналдиньо да бір айға жуық Парагвай түрмесінде отырып шыққанын спорттық басылымдар жарыса жазды. Ол ағасымен бірге елге кірерде шекара бақылауынан жалған парагвайлық төлқұжат арқылы өткен. Кейін прокуратура қызметкерлері футболшы орналасқан қонақ үйге келіп, спортшыны тергеуге алады. 8 сағатқа созылған тергеуден соң Роналдиньоны қамауға алу туралы шешім қабылданады. Ал 6 қыркүйекте спортшы жазадан толық босатылды.
Тірі кезінде әлем футболының аңызы, марқұм Диего Марадонаның да басы бірнеше рет дауға қалғанын көпшілігі жақсы біледі. Ол 1991 жылы стресті жеңілдету үшін есірткі қолданып 15 айға футболдан шеттетілген еді. Отанына оралған Диего Армандо жергілікті полицияның қолына түсіп «есірткі сақтады» деген айыппен қамауға алынды. Футболшының үйінен 36 грамм кокаин табылған. Спортшы полиция бөлімшесіндегі темір тордың ар жағында 4 күн түнеп, қомақты ақша төлегеннен кейін ғана бостандыққа шықты. Кейіннен сот оны 1,5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды.
Жазаға тартылған спортшылар, әсіресе футболшылар туралы деректер ғаламтор желісінде өте көп. Біз тек солардың ішіндегі ең негізгілерін іріктеп алдық. Оның ішінде италиялық футболшы Паоло Россидің 1979 жылы букмекерлік кеңселермен келіссөз жүргізгені спорт әлемінде көпке дейін талқыланды. Ол сол әрекеті үшін бірнеше ай түрмеде отырды. Футболшы өзінің командасы «Перуджа» мен «Авеллино» клубы арасындағы кездесуде букмекерлік орталықтармен тең ойын үшін келіссөз жүргізіп, футбол заңына қайшы әрекетке барған. «Ньюкасл» командасының бұрынғы ойыншысы Джои Бартон да кафелердің бірінде жасөспірімдермен араздасып, біреуін ауыр жарақаттап, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сот отырысынан соң ойыншы жарты жылға абақтыға қамалды. Бірақ ол тәртібі үшін жазадан 2 ай бұрын босатылып шыққан.
Ал адам өліміне қатысы бар деген күдікпен «Фламенгоның» бұрынғы қақпашысы Бруно Фернандес ди Соза тұтқынға алынып, 2013 жылы футболшының ісі сотта қаралды. Тергеу нәтижесінде 2010 жылы Элиза Самидионың өлімін ұйымдастырды деген айыппен қақпашы 22 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда 23 жастағы футболшы 7 жыл қамауда болып, абақтыдан уақытынан бұрын босатылады. 2016 жылы Англия құрамасының бұрынғы ойыншысы, «Сандерленд» командасының 28 жастағы жартылай қорғаушысы Джонсон да 15 жастағы жанкүйерін зорлады деген айыппен 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Футболшы әлі күнге дейін абақтыда жазасын өтеуде.
Жаза басып, абақтыға қамалған футболшылар біздің елде де бар. Солардың бірі – Саят Сариев. «Жетісу» футбол клубының бұрынғы ойыншысы Алматы облысында адам өлтіргені үшін сотталды. Кезінде «Қайратта» ойнаған Юрий Севидов та көлікпен адам қағып, темірторға қамалған болатын. Бостандыққа шыққаннан кейін «Мир» телеканалында Достастық кубогін, Қазақстан жастар құрамасының ойындарын жүргізді. Танымал футболшы Дмитрий Бяковтың да 300 доллар тұратын Пионер магнитофонын ұрлап Сауд Арабиясының түрмесінде отырғанын бірі білсе, бірі білмейді. Осы әрекеті үшін футболшы бір айға абақтыға қамалды. Бұл іске Қазақстан елшілігі араласып, көп өтпей оны құтқарып алды. Бір кездері «Тараз» футбол клубының шабуылшысы болған Ануар Анарметов те жалған құжаттармен ұрланған автокөлік сатып ұсталды.
Жалпы, әлем бойынша футболшылар арасында мұндай оқыс оқиғалар әр жылдары белең алып тұрады. Солардың дені еуропалық клубтарда өнер көрсететін қалталы ойыншылар. Көпшілігі заңға қайшы әрекетке барған. Осылайша, танымалдығын асыра пайдаланғысы келген біраз аяқдопшының бір-ақ сәтте «аяғы аспаннан келді».
Абылайхан ЖҰМАШ
Мақала Aikyn.kz сайтынан алынды
Біздің серіктес: FONBET