Жеке меншік клубтың жекелеген жеңісі

10.08.2021, 02:32
Әуесқойдан кәсіби деңгейге көтерілген, ауыл футбол клубы.
Жеке меншік клубтың жекелеген жеңісі

2012 жыл, Киев облысының төреағасы, кәсіпкер, саясаткер Андрей Засуха Каменка өзенінде бой көтерген Ковалевка ауылында кәсіби футбол клубын құру жөніңде жұмысты бастап кетеді. Басында көбісі бұл жоспардың жүзеге асатынына сенім білдірмеді. Бірақта кәсіпкер, керітартпа елдің пікіріне құлақ аспай, ақырында армандаған жоспарын жүзеге асырды. «Колос» деген атпен жарық көрген бұл клуб, әуесқой деңгейде үздік өнер көрсетіп, көп күттірмей 2012 жылдан бастап, 2014 жылға дейін Киев облысының суперкубогінің 3 дүркін иегері атанды. Дәл сол 2014 жылы, Киев облысының әуесқой командалары арасындағы чемпионатта, үздік үштіктің қатарына енді. 2014 жылды сәтті, жүлделі аяқтаған "Колос", украинаның екінші лигасына жолдама алды. Білікті маман Руслан Костышиннің баптауындағы футболшылар, жанкүйердің үкілеген үмітін ақтай алды.

Жүзден жүйрік атанған Ковалевка ауылының футбол клубы 2015/16 жылғы маусымда екінші лиганың чемпионы болды. Қажырлы еңбек пен асқақ арманның, жетегінен ерген "Колос" алынбас асудың жоқтығын дәлелдей білді. 2016 жылы Ковалевка ауылында үлкен той болды. Украинаның бірінші лигасында өнер көрсетуге мүмкіндік алған "Колос", араға 2 жыл салып күміс жүлдені қанжығалады. 2019 жылы "Днепр-1" мен қосылып, Украина премьер лигасына жолдама алды. Донецкілік "Шахтер", "Динамо Киев" секілді алпауыттармен терезесі тең дәрежеде өнер көрсеткен "Колос" еурокубоктік додада әзірше сәтті өнер көрсетуде. Ең соңғы еурокубоктік матчын қарағандылық "Шахтерге" қарсы ойнаған "Колос", тең нәтижеге қанағат етті.

Атап айтсақ, Ковалевка ауылының ұжымы су жаңа уефа стандартына сай 5000 орындық стадионда өнер көрсететінің айта кеткеніміз абзал. 160 миллион гривенге (Украина валютасы) салынған бұл стадионда, -10 градус суықта қолайлы жағдайда доп тебуге мүмкіндік жасалыпты. Көпке үлгі болған ауылдық клубтың жеткен жетістігі, назар аударарлық. Егерде клуб президенті Андрей Засуха бастаған тірлігін аяғына дейін жеткізбесе, онда "Колос" қиялдан туған шыңдыққа бергісіз клуб болып қалар ма еді.

Тек ауылшаруашылық өнімдерін экспортаумен айналысатын шағын елді-мекеннен дәл осындай футбол клубы шығады дегенге сену қиын. Клуб ең бастысы жергілікті футболшыларды шығарып, аракідік арзанқол, бағы ашылмай жүрген легионерлерді шақырады. Бұл клубтың академиясынан шыққан футболшылар біршама жерге танымал. Одан бөлек осы "Колос" сапында бірнеше маусым футбол ойнаған Евгений Селезневті күллі жанкүйер қауым жақсы біледі. Ал қазір "Ақжайық" клубында ойнап жүрген Николай Ковтолюк те осы "Колостың" намысын жыртқан футболшы. Ковтолюк биыл 17 матчта, 6 гол салып үлгерді. Қазақстан кубогы ойындарында да гол салып жүр. Әлбетте, екі ойынның қорытындысы бойынша келесі кезеңге "Шахтер" өтсе екен деп тілейміз. Алайда, біздің әңгімеміздің негізгі түйіні, кішігірім ауылдың өзінде де Еурокубок ойындарына қатыса алатын команда жасақтауға болады екен.

Мұхамедқали Көбеев

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×