Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы елордамыз Астанада Әзірбайжан құрамасын 2:1 есебімен тізерлетіп, 2012 жылғы Еуропа чемпионатының електік додасында алғашқы жеңісіне қол жеткізгенде ерекше қуандық.
Алғашқы жеңіс, алғашқы голдар. Тамаша стадион, тамаша ойын. Қарт Каспийдің арғы қабағынан келген әзірбайжандар «Астана керемет екен. Көркемдігіне сөз жетпейді. Алматы да құлпырып кеткен шығар» дегенде кеудемізді мақтаныш сезімі кернеді. Осылай жүзіміз бал-бұл жанып, опыр-топыр болып, төмендегі баспасөз мәжілісі өтетін үлкен бөлмеге түсіп келе жатқанымызда... өзін «Проспорт» газетінің редакторымын деген ұзын бойлы сары жігіт жанындағы біреуге
«қалай ойлайсың, біздің құрамаға көмектесті ме?» деп қойып қалды. Шала бүліндік. Әлгінің ит терісін басына қаптағысы келгендерді ұстамды да, сабырлы жігіттер сабасына түсіріп жатыр...
«Екінші гол таза соғылды ма, жоқ па?» деген сұрақ баспасөз мәжілісінде екі құраманың да бас бапкеріне қойылды. Әзірбайжан құрамасының бас бапкері, неміс маманы Берти Фогтс:
–
Төреші ысқырық шалған жоқ. Ендеше, гол таза соғылды. Ойын ережесі бұзылған жоқ. Бар кінәні төрешіге жаба салу – ақталудың ең оңай жолы. Мен ондайға бара алмаймын. Төреші – шотланд маманы. Өздеріңіз білесіздер, британдық төрешілер болмашы нәрсеге ысқырық шалып, ойынды тоқтата бермейді. Табан тіресе додаға түсуді ұнатады. Бұл жөнінде мен өз шәкірттеріме айтып, құлақтарына құйғанмын. Әйтсе де олар, абдырып тұрып қалды. Бұл менің қарамағымдағы кейбір ойыншыларымыздың халықаралық деңгейдегі тәжірибесінің аздығын білдіреді, – деп ағынан жарылды.
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері, чех маманы Мирослав Беранек бұл сұраққа мүлде үрпие қарады. «Қайдағы бүйрек бұру, қайдағы ойын ережесін бұзу» деп таң-тамаша болды. Пан Беранек те төрешінің британиялық екенін тілге тиек етті.
Басқасы басқа, бірақ біздегі қайсыбір орыс тілді журналистердің біздің жеңісімізге қуанбағандары қызық болды. Біздің құрама жеңілсе, аяусыз мінеп-сынауға жетік. Ондайда қаламдары жалаңдап тұрады. Ал жеңіске жетсе, кездейсоқ нәтижеге балап шыға келеді. Мұндайда «біздің футболшыларды жеңіске жетті» дегеннен гөрі «қарсыластарымыз жеңілдіге» сілтеу басым секілді. Одан да әрбір маңызды кездесу алдында футболшыларымыздың намыстарын жанып, қайрай түссе, қайтер еді. Не болмаса, «құрама сапындағы кейбір футболшылардың Әнұранды шырқамайтындары қалай, оң қолдарын негізгі құрамда алаңға шыққан тоғыз ойыншы секілді жүректерінің тұсына қоймайтындары несі» деген мәселені көтерсе етті...
Әрине, осы матчқа дейінгі жеңілістер бәріміздің де жігерімізді жасытып, жанымызға батқан. Бірақ одан бері ұлттық құраманың ойынын жетілдіру үшін бас бапкер ауыстырылып, қам-қарекет жасалып жатқан жоқ па?! Бас бапкер де өз чемпионатымыздан таланттар іздеп, бас ауыртып, балтыр сыздатып жүр. Кім біледі, бір нәтиже шығар. Ертең Австрияны жеңсе ше?! Осыған орай біз әр саладағы мамандарымыз бен ағаларымыздың Қазақстан және Әзірбайжан ұлттық құрамалары арасындағы ойын жайлы пікірлерін білуге тырысқан едік. Бұл ойын кімге қалай әсер етті екен?
Тұманбай Молдағалиев, ақын, Халық жазушысы:
– Мен өзі футбол маманы емеспін. Бірақ жан-тәніммен берілген жанашыр жанкүйерімін. Қазақстан – Әзірбайжан кездесуінде маған біздің жігіттердің ойыны ұнады. Жеңіске деген жігерлері адам қызығарлықтай болды. Тағы да ұтылып қалып, жанкүйерлерін жасытуға ұялған болар, талаптары зор болды. Маған сонысы ұнады. Содан соң құрама сапына жаңадан алынған ойыншылар команда ағзасына жаңа қан құйғандай әсер етті. Құраманың ойыны аз да болса, түлеп сала берді. Құрамаға алғаш қосылған анау ұзынтұра жігіт (Гридин) тамаша екі гол соқты. Енді алдағы уақытта да осылай аянбай ойнап, бізді қуанта берулеріне тілектеспін.
Мұрат Әбенов, Мәжіліс депутаты:
– Жалпы, ұлттық құраманың ойын өрнегі өзгергені байқалады. Бернд Шторктың кезінде сын көп айтылып еді. Солардан нәтиже шығарылған секілді. Сол кездегі кемшіліктер түзеле бастады. Шторктың тұсында ұлттық құрама сапынан тыс қалған азаматтарымыз құрамаға қайта алынды. Осы іріктеу додасы аясында алғаш рет гол да соқтық, жеңіске де жеттік. Құтты болсын дегім келеді. Осы жеңістен кейін ұлттық құраманың ойыны жетіле түссе екен дейміз. Шынымды айтайын, «қазір бәрі көңілімнен шығады» деп айта алмаймын. Бірақ Қазақстан футбол федерациясына өз атына айтылған сынның бәрін ескеріп, нәтиже шығара бастағандай. Әлі де атқарылатын жұмыстар көп. Футболшылардың отансүйгіштік сезімдерін күшейте беру керек. Тек қана шетелдік бапкерлерге иек арта бермей, өз мамандарымызды ұмытпаған жөн. Жергілікті футболшылардың деңгейлерін өсіруге көңіл бөлініп отырғанын қалаймыз. Осы спортты бұқаралық сипатта дамыта беруге зейін қойып, ауылдағы алаңдар санын көбейте берсек, нұр үстіне нұр болар еді. Насихаттау жұмыстарын күшейтіп, футболымызға ашықтық пен жариялылық орната бергеніміз абзал.
Елсияр Қанағатов, ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитеті төрағасы:
– Енді, біздің футболшылар «Еуро-2012» іріктеу додасында алғаш рет жеңіске жетіп, жанкүйерлерімізді қуантты. Жаман ойнаған жоқ. Алдағы уақытта да қуанта берсе екен деген тілектеміз. Ойын өрнектерін әлі де жетілдіре түсіп, шеберліктерін шыңдай беру керек. Соған тілектеспіз.
Автор: Нұрғазы сасаев