Жерлестеріміз жеңіске жетті

15.05.2013, 05:55
Жерлестеріміз жеңіске жетті
Астанада футболдан жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы жолындағы жарыс аяқталды. Бірқатар мемлекеттің өкілдері қатысқан бәсекеде жерлестеріміз жеңіске жетсе, екінші және үшінші орындарды Иран мен Литвадан келген жеткіншектер иеленді. Қазақстан құрамасы жарысты өте жақсы бастап, барлық қарсыластарын қапыда қалдырды. Жасыл алаңға шыққан ойыншылардың арасында қандастарымыздың қатары қалың болуы сан мың көрерменнің көңілін бір серпілтіп тастады. Бозбалаларымыздың болашағы зор екеніне осы жолы анық көз жеткізгендей болдық. Бұйырса, осы жеткіншектер арасынан келе­шекте жақсы футболшылар шығатынына күмәніміз жоқ. Қазіргі кезде ұлттық командамыз сүреңсіз өнер көрсетіп жүрсе де, жастарымыз допты тәуір тебе алатынын байқатты. Бастапқы бәсекелерді айтпағанда, финалдық кездесудің өзі тартысқа толы болды. Ақтық сында жерлестеріміз Иран құрамасымен күш сынасты. Ұзақ уақыт бойы қос команда бір-бірін ала алмады. Таразы басы теңселіп тұрған сәтте Максим Котов мергендік танытты. Бұл ретте бапкерлердің қырағылығы жайында да айтпай кетуге болмас. Котов 69-минутта ғана ойынға қосылды. Десек те, бірден ширақтық танытып, арада алты минут өткеннен соң нысананы дәл көздеді. Максим соққан жалғыз гол бәсеке тағдырын шешті. Есеп – 1:0. Сөйтіп, Қазақстан құрамасы бас жүлдені олжалады. Финалдық бәсекеде Манас Ермұхамед, Әлихан Жолбарысов және Ділшад Саидназаров сынды қорғаушылар өз міндеттерін мүлтіксіз атқарды. Орта және алғы шепте еркін ойқастаған Валерий Андреев, Тимур Балтабаев, Владислав Васильев, Максим Гладченко, Рашид Люхай, Аршат Мамешев және Фарук Мирсәлімбаевтың ойыны көпшілік көңілінен шықты. Ойынға екінші кезеңнің бел ортасында қосылған Жақар Қадиев пен Жасұлан Елеусіз де сауатты қимылдады. Ал жалғыз голдың авторы Максим Котовты қалай мақтасақ та жарасады. Жарайсыңдар, жігіттер! Ғалым СҮЛЕЙМЕН
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Келесі жаңалық
СПОРТТЫҢ ҚОЖАЙЫНЫ КІМ?
Серіктес жаңалықтары
×