«Жетісай» клубының баспасөз қызметі: қаржылық мәселелер кез келген клубта болуы мүмкін

03.11.2025, 15:33

2023 жылы ғана құрылған «Жетісай» клубы Бірінші лигадағы екінші маусымында кезекті рет жетістіктерін жаңартып, 5-орынға тұрақтады. Осы орайда клуб бұл нәтижеге қаншалықты қанағаттанады?

«Жетісай» клубының баспасөз қызметі: қаржылық мәселелер кез келген клубта болуы мүмкін

«Жетісай» клубы Бірінші лигадағы ең үздік көрсеткішін тіркеді. Нәтижеге қаншалықты қанағаттанасыздар?

- Биылғы маусым біз үшін сәтті өтті деп айта аламыз. Бұл көрсеткіш — ұжымдық еңбектің, ойыншылар мен бапкерлер штабының, сондай-ақ жанкүйерлердің қолдауының нәтижесі. Әрине, әлі де жетілдіретін тұстар бар, бірақ жалпы алғанда нәтиже көңілден шығады. Өткен жылы турнирді жетінші орынмен аяқтасақ, биыл бесінші орынға табан тіредік. Осындай жетістік аудандық клуб үшін өте жақсы нәтиже деп есептеймін. Бұл деңгейде тоқтап қалмаймыз, келесі жылы бұдан да жоғары нәтижелерге жетуге бар күшімізді саламыз.Бізге берілген қаражатты толықтай өңіріміздегі футболды дамытуға жұмсадық, ал биылғы жетістігіміз — соның айғағы.

Келесі жылға қандай жоспарларыңыз бар? Клубта қандай өзгерістер болуы мүмкін?

- Алдағы жылға жоспарымыз үлкен. «Жетісай» футбол клубы ретінде біз әр маусым сайын бір қадам алға жылжуды мақсат етеміз. Келесі жылы команда құрамын күшейтіп, өзіміздің жас ойыншыларға көбірек сенім бергіміз келеді. Жастарға мүмкіндік беру – біздің басты бағыттарымыздың бірі.
 Сондай-ақ, жанкүйерлермен байланысты нығайтып, әр матчты нағыз мерекеге айналдыруды көздеп отырмыз. Клубтың медиа бағыты мен инфрақұрылымында да жаңалықтар болады – бәрі де «Жетісайдың» аты жоғары болсын деген ниеттен туындайды.
  Жалпы, алдағы маусым біз үшін жаңа үміт, жаңа энергия және жаңа мүмкіндіктер маусымы болады деп сенеміз.

БАҚ беттерінде Түркістан облысының футбол клубтары қаржылық қиындыққа байланысты жабылуы мүмкін деген сыбыс шығып жатыр. Бұл ақпарат сіздерге қаншалықты әсер етеді?

- Мұндай ақпаратты біз де естіп жатырмыз, бірақ әзірге ресми мәлімет жоқ. Дегенмен, біз өз жұмысымызды тоқтатпаймыз. «Жетісай» клубының мақсаты — аймақ футболын дамыту және жанкүйерлерге қуаныш сыйлау. Қаржылық мәселелер кез келген клубта болуы мүмкін, бірақ біз жергілікті билік пен демеушілердің қолдауына сенеміз. Ең бастысы — команданың рухы мықты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

футбол
Aladop Youtube
×