Талдықорғандық «Жетісу» бес қазақстандық футболшымен келісім-шартқа отырғанын хабарлады.
26 жастағы жартылай қорғаушы Павел Кривенцев «Қайраттың» түлегі. 2019 жылы «Қызыл-Жарға» ауысып, 25 матчта 11 гол соғып, 8 нәтижелі пас берді. Содан кейін бір жарым жыл бойы «Шахтердің» намысын қорғады. Ал соңғы маусымды «Тұранда» өткізді (4 матч).
19 жастағы жартылай қорғаушы Қазыбек Мұхитұлы «Жетісудың» түлегі болып табылады. Өткен маусымда Екінші лига 22 матч өткізіп, 2 гол соққан.
22 жастағы қақпашы Валерий Казначеев Талдықорғанда дүниеге келген. 2018 жылы «Қайрат» жастар командасына қосылғанымен, бірде-бір ойын өткізген жоқ. 2019 жылдың тамыз айынан бастап «Жетісуға» ауысып, Екінші және Бірінші лигада доп тепті. Айта кетейік, қақпашы өткен жылы клубсыз жүрді.
24 жастағы жартылай қорғаушы Максим Гладченко Таразда дүниеге келгенімен, Қазандық «Рубинде» футбол әліппесін үйренді. Бұған дейін ол «Тараз», «Бәйтерек», «Қайрат А» және «Ақжайық» жастар командасында өнер көрсеткен. Өткен жылы футболшы «Каспий» сапында доп тепті.
20 жастағы қорғаушы Мұхаммед Елеуісов Алматы футбол мектебінің түлегі. 2020 жылы «Қайрат-Жастар» командасының ойыншысы атанып, Бірінші лигада 2 матч өткізді. Өткен маусымда екінші лигада «Жетісу Ж» клубының намысын қорғады (21 матч, 1 гол).
Біздің серіктес: FONBET