Отандық БАҚ-та «Жетісудың» маусым алдындағы біраз мәселелері жайлы жазылған еді.
Дәлірек айтсақ, жетісулық команданың маусым тақалған тұста әлі де бірде-бір футболшымен келісімшартқа отырмағаны туралы сыбыстар тараған. Клуб директоры Марк Гурман «Серый CARDINAL» телеграмм-арнасына осы мәселелер төңірегінде сұқбат берді.
«Дәл қазір біздің клуб Түркия жеріндегі оқу-жаттығу жиындарында жүр. Жаттығу процесінен ешқандай мәселе туындаған жоқ. Команда өз ісімен айналысып, чемпионат басына жоспарлы дайындығын пысықтауда. Мүмкіндікті пайдалана отырып, «Жетісу» жанкүйерлерін алдағы маусымда бізге белсенді қолдау білдіруге шақырғым келеді. Бас бапкеріміздің беделі мен тағы біраз жайттардың арқасында «Жетісу» 2025-жылғы чемпионатта осал болмайды деп сенеміз. Тиісті қолдау болған жағдайда, бәсекелестікке төтеп бере алатындай ұжым жасақтай алатын қауқарымыз бар. Жалпы, біздің жақсы жоспарымыз бар және жанкүйерлерімізге күшті көңіл-күй сыйлайтынымызға сенімдімін», - деді жетісулық команданың директоры.
«Жетісу» Қайрат Нұрдәулетовтің бас бапкерлігімен былтыр Қазақстан премьер-лигасын он бірінші орынмен аяқтады. Биыл жетісулық ұжымның тізгінін Самат Смақов ұстады.
Біздің серіктес: FONBET