Жетісу өңірі аяқдопқа қаржы төкті

17.03.2011, 18:35
Жетісу өңірі аяқдопқа қаржы төкті
Алматы облысының кәсіби футбол командаларын қаржыландыруға 2011 жылы 1 млрд 350 млн теңге бөлінді. «Спорттың бұл түріне осындай материалдық қолдау көрсету біздің командаларымыздың кәсіби шеберлігін шыңдауға ықпал етіп, биылғы жылы жақсы өнер көрсететініне сенеміз», – деді облыс әкімі Серік Үмбетов «Жетісу» кәсіби футбол клубының ұжымымен және жаттықтырушыларымен кездесуінде. Үстіміздегі жылы «Жетісу» командасына 900 млн 400 мың теңге, ал бірінші лигада ойнап жүрген «Іле Сәулет» (Іле ауданы), «Сұңқар» (Қарасай ауданы), «Ақ бұлақ» (Талғар ауданы) командаларының әрқайсысына 150 млн теңгеден қарастырылды. Облыс әкімінің бастамасымен өңірде футболдан қыздар арасында да кәсіби команда құрылды. Оның құрамындағы ойыншылардың жартысы – Талдықорған қаласының тұрғындары. Ал басқаларына облыс басшысы алғашқы кезде жалға алған пәтердің ақысын төлеуге жәрдемдессе, коммуналдық үйлердің құрылысы аяқталған кезде жаңа пәтер берілетінін айтты. «Жетісу» футбол клубының басқа қалаларға, шетелге шығуына мүмкіндік жасалып, оларға автобус қана емес, «Як-40» ұшағы да берілген. Автор: Сағыныш НАМАЗШАМОВА, Алматы облысы
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×