Талдықорғандық "Жетісу" командасына жаңа бас бапкер болып Слободан Крчмаревич келді. Асқар Қожабергенов пен Серік Әбдуалиевтің қызметтеріне облыстық футбол басшылары риза еместігін білдірді. Шынында да өткен маусымда чемпиондық атаққа бір адым жетпей қалған талдықорғандық ұжым биылғы маусымда жүрісінен жаңылды. Маусымаралық үзілісте бірнеше мықты ойыншыларды өз қосынына тартқанымен де, команда ойыны өткен жылғыдан жақсара қоймады. Тіпті, сол өткен маусымдағы керемет ойынды Қожабергеновтың командасы биыл қайталау алмауда. Соңғы турларда қатарынан жеңіліс тауып отырған "Жетісу" бапкерлерді ауыстыруды жөн санапты. Енді Қазақстан жастар құрама командасының бас бапкері болып қызмет етіп жүрген Сербиялық маман Слободан Крчмаревич жергілікті команданы жаттықтыратын болады.
Ел футболында соңғы кездері осындай саясат жүріп жатқандығын жасыра алмаймыз. Өткенде ғана Мирослав Беранек "Астана" командасының бас бапкері борлып тағайындалған болатын. Осының артынша енді жастар құрамасының бапкері де премьер-лигада өнер көрсететін ұжымның басына келіп отыр. Демек, жақын арада өз еңбегімен көріне алған Павел Травниктің де 19 жасқа дейінгі құрама командамыздағы бапкерлік қызметімен қатар тағы бір премьер-лига ұжымын жаттықтырып қалуы әбден ықтимал.
"Аладоп-ақпарат"
Біздің серіктес: FONBET