«Қайсар» (Қызылорда) — «Атырау» 2:1 (0:1)
Голдар: Яблан, 56. Хунт, 80 – Пархачёв, 12.
Ескертулер: Кляйн, 45+3 — Пасичник 45+3
«Қайсар»: Прядкин, Алтаев, Балтаев, Кулибали, Розыбакиев, Нәрзілдаев (Калинин, 46), Струков, Яблан, Савич (Мошников, 75), Кляйн (к), Марушко (Хунт, 39).
Резерв: Ширяев, Шевцов, Көшеков, Күнов.
«Атырау»: Цирин, Пласконный (Шакин, 78), Пасичник, Эссаме, Трифунович, Одибе, Карпович, Абдулин (к), Коструб, Пархачёв (Кучук, 60), Блажич.
Резерв: Шабанов, Гридин, Афанасьев, Рудик, Бутуев.
Төрешілер: Ысқақов (Астана), Будниченко (Екібастұз), Филоненко (Тараз), Қарлыбаев, Тевяшов (екеуі де — Орал)
6 мамыр. Қызылорда. Ғани Мұратбаев атындағы Орталық стадион. 5500 көрермен.
Биыл «Қайсар» өз алаңындағы ойынын бірінші рет Орталық стадионда өткізді. Бұған дейін Дмитрий Огай өрендері қонақтарын «Локомотив» стадионында қабылдап жүрген. Ол жақта бес ойын өткізіп, мамырдың алғашқы аптасында Орталық стадионға оралды. Бірден айта кетейік, Қызылордада термометр бағаны 40 градусты көрсетіп тұрғанына қарамастан қадамдары сәтті болды.
Дегенмен, «Атырау» ашығын айту керек, өте алымды команда. Құрамында тәжірибелі легионерлері жетерлік. Андрей Карпович, Евгений Коструб сынды қазақстандық ас футболшылары да бар. Кирилл Пасичник, Марат Бутуев сынды жастары да жалынды. Ойын мәнері де өрнекті. «Барселоналық» стильді ұстанатынынын көріп жүрміз. Бүгінгі ойында да қонақтар кездесуді өте ширақ бастап, әрлі-берлі пастарымен алаң иелері әбден далбалақтатып жүгіртіп қойды. Иә, «Атыраудан» допты оңайлықпен тартып ала алмайды екенсің. Пастарымен тербетіп тастайтыны соншалық, бір сәтке «Қайсар» футболшылары бесікте бөлеулі нәрестедей көрініп кеткені де жасырын емес. Допты да қақпаға бейберекет тебе бермейді екен. Оңтайлы сәтті аңдып жүріп, қақпаны нысанаға алады. Сөйтіп жүріп бірінші голды соғып кеткен де – «Атырау». 13-минутта-ақ. Оң қапталдан асырылған жартылай пас, жартылай соққы еді, доп Дмитрий Пархачевтің аяғынан серпіліп, Прядкин қорғаған қақпада тулап жатты.
Соғылған гол «қайсарлықтарды» біраз есеңгіретіп тастады. Команданың ойыны жүрмей, шабуылдары орта жолдан үзіліп қала берді. Мұндайда не істеу керек екенін ә дегеннен-ақ түсінетін Дмитрий Огай бірінші таймның соңында ойынға өзгеріс енгізуді жөн көріп, орталық жартылай қорғаушы Матич Марушконың орнына алаңға таза шабуылшы Римо Хунтты шығарды. Екінші тайм бастала салысымен Думан Нәрзілдаевты Илья Калинин алмастырды. Сол-ақ екен, алаң иелерінің ойындарына қан жүгіріп, шабуылдарына да, қара сөзбен айтқанда жан кірді. Оның үстіне, Дмитрий Огайдың көрегендігін қарасаңызшы, осыдан екі күн бұрын екінші рет әке атанған Римоның осы ойында гол соғып, бар өнерін саларын білді де, эстон шабуылшысын дер кезінде алаңға шығарды. Хунт дәлелдеді, өзінің қаншалықты шебер шабуылшы екенін. Алдымен Милиян Яблан орындаған айып добына бірінші болып жеткен Римо допқа басын дәл уақытында қойып қалды. Одан кейін 78-минутта эстониялық шабуылшы тағы да «Қайсар» шабуылын сәтті аяқтып, осы ойындағы дубльдің авторы атанды.
Сонымен, қорытынды есеп – 2:1, «Қайсар» жеңіліп жатып, жеңісті жұлып алды. Ал матч соңында футболшыларды құттықтау үшін киім ауыстыратын бөлмеге арнайы кірген облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев Римоның қолын алып, баласына бауы берік болсын айтты.
Ал “Қайсар» осы кездесуден кейін 15 ұпаймен 4-орынға көтерілді. Енді 10 мамыр күні Сыр командасы Талдықорғанның «Жетісуына» қонаққа барса, «Атырау» өз алаңында «Астананы» қабылдайды.
http://www.fckaysar.kz/