Жиын өткізетін жер жоқ

12.01.2021 20:02 ҚПЛ

Қазақ футбол клубтары наурыз айында басталатын біріншілікке дайындық жасайтын жер таппай дал болуда. Мәселенің түйіні неде?

Жиын өткізетін жер жоқ

Ақпарат көздері жарыса жазғандай «Қызылжар», «Шахтер», «Ақтөбе» және «Астана» клубтары елордаға жиналып, «Футбол үйінің» ішіндегі жасыл алаңда жаттығу жүргізуді бастапты. «Футбол үйі» бұл УЕФА 9 миллион еуро бөліп, салып берген кеңсе еді. Осы кеңсенің ішінде жаттығу залдары, киім шешетін бөлме, офистер мен бір ірі жасыл алаң бар. Бұл ғимарат Қазақстан футбол федерациясына тиесілі. Үсті жабық, алаңы үлкен футбол стадиондарындағыдай стандартқа сай болғандықтан клубтар жаттығуды осында өткізгісі келеді. Командалар біздің білуімізше күніне екі реттен жаттығу өткізіп жүр екен. Демек, таңертеңнен кештің батысына дейін ғимараттың жасанды алаңы бос емес деген сөз. Манеждің 1 сағаты 150 мың теңгені құрайды.

Бір қызығы, клубтар қыста жылы жаққа кетудің орнына қақаған аяз болып тұрған Нұр-Сұлтан қаласына келгені жанкүйерлердің күлкісін тудыртты. Себебі, мұндай кезде командаларымыз әдет бойынша Босфор мен Анхордың жылы жағалауларына кететін. Яғни, құтты мекен Түркияны бетке алатын. Көп жылдар бойы тұраққа айналған Түркияға биыл бару қиындап тұр. Пандемияның салдарынан еліміздің бас дәрігері халықаралық рейстерге рұқсат бермеуі мүмкін. Егер, солай болса премьер-лигада ойнайтын 12 клубымыз, сонымен қатар бірінші лиганың да оншақты командасы қайда жаттығу жасар екен? Иә, біздің бірінші лигамыздың командалары да Түркияға барып жаттығады!

Осы жерде туындайтын заңды сауал: Петропавл, Қарағанды, Ақтөбе қалаларында қыстың күні жаттығатын үлкен манеж жоқ болғаны ма? Өзге қалаларда да мұндай кешен жоқтың қасы екенін іштей түйсініп отырмыз. Тек өткен жылы Қостанай қаласында «Тобыл Арена» бой көтерді. Соның арқасында «Тобыл» өз қаласында жаттығып жатыр. «Қайраттың» да мұндай мәселеде бас ауыртпайтынын білеміз. Ал өзге командаларымыздың қыстың күні жағдайы қиын. Жыл сайын миллиард теңгені легионерлерге жұмсайтын клубтарымыз неге бірінші кезек осындай жылы манеждер салып алмайды деген ой туындайды. Командаға қаржы бөлетін әкімшілік осы жағын да ойластыруы қажет.

Мысалы, биыл ешкім ешқайда ұша алмай, Қазақстан аумағында қатаң карантин режимінде қалса. Түркия мен Дубайға барып жаттығу жұмыстарын жүргізе алмаса, онда «Футбол үйі», «Тобыл Арена», «Астана Ареналар» командаларымызға жаттығу алаңы болмақ. Жиырмаға жуық команда үш жасыл алаңға кезеккке тұрады. Негізі, осы мәселенің жыл сайын қиындап жатқанын сезіп отырмыз. Пандемия осы тұрғыдан пайдасын тигізетін шығар, бәлкім? Инфроқұрылымның нашар екендігі, кейбір өңірлерде мүлде жоқ екені байқалмақ. Сондықтан да, қазақ футболының басты мәселесі футбол инфроқұрылымының өте төмен деңгейде екендігі анық аңғарылады. 

1 пікір

  1. Бексултан

    Бексултан

    13.01.2021 23:20

    Футболдын осындай проблемалары айтылса кан кысымым котериледи)))