«Ордабасы» командасының үздік сұрмергені, бразилиялық шабуылшы Жоао Пауло, Вагнер Лавпен бәсекелестік жайлы, Қазақстанда оны таң қалдырған жағдай туралы және Байсейітовтың өзге клуб президенттерінен қандай айырмашылығы бар екенін айтып берді.
- Осы маусымда команда соққан голдардың тең жартысы сіздің еншіңізде. Үзілістен кейін кейбір футболшылардың ойыны жүрмей жатыр. Сіздің нәтижелі ойындарыңыздың сыры неде?
- Менің ойымша, мұның ешқандай сыры жоқ, бастысы күнделікті еңбектену керек. Сонымен қатар командасыз мен гол соқпас едім. Бұл жалпы жұмыстың жемісі. Олар маған алаңда көмектеседі, жайлы жағдайлар жасайды, ал мен гол соғамын.
- Премьер-лига тарихында тек бір ғана бразилиялық ойыншы үздік сұрмерген болған (2000 жылы). Сол кезде Нилтон Мендес 21 гол соқты. Осы көрсеткішке жету мүмкіндігіңіз бар.
- Мүмкін емес нәрселерді жүзеге асыруға болады деген ұғымды қолдаймын. Бірақ мен үнемі айтып отырамын, мен үшін ең бастысы командалық ойын, ал жеке көрсеткіштерім екінші орында. Бастысы команда жақсы ойнау керек, сол кезде өз мүмкіндіктеріңді пайдалану жағдайлары көбейе түседі.
- Сіз Оңтүстік Корея, Болгарияда ойнадыңыз енді Қазақстанда доп теуіп жүрсіз. Осы чемпионаттарды салыстырып көресіз бе?
- Корея мен Қазақстанның чемпионаттарын салыстыру қиын, онда мен 2010 жылы ойнадым. Ол кезде басқа футбол, ал қазір мүлдем басқа. Болгариямен салыстырып көрсем болады. Қазақстан чемпионаты қиын, бәсекеге толы. Ал Болгарияда мықты деген бір-екі клуб бар, мысалы «Лудогорец», ал қалғандары әлсіздеу. Ал мұнда командалар бір деңгейде. «Астана», «Қайрат» командаларынан басқа «Ордабасы», «Тобыл» секілді мықты ұжымдар бар. Чемпиондық үшін күресте 5-6 команда бәсекеге түскендіктен, ойындар қызықты өтеді.
- Қазақстанда сізді футбол және тұрмыс жағынан таң қалдыратын нәрсе бар ма?
- Футбол жағынан айтар болсам чемпионаттың деңгейі. Мұнда футбол деңгейі төмен болады деп ойлағанмын. «Ордабасы» командасынан ұсыныс түскен кезде, мен футзалдан «Қайрат» командасының бапкері Какаумен ақылдастым, біз бір қаладан боламыз. Ол ел туралы айтып берді, өзіне Қазақстанда өмір сүру ұнайтынын айтты. Мың рет естігенше бір рет көзбен көрген артық. Қазақстан чемпионатының жоғары деңгейіне қатты таң қалдым. Футболдан бөлек адамдардың жылқының етін жейтінін көріп таң қалдым. (күледі)
- Қазақстандағы ең ыңғайсыз қарсыласты айта аласыз ба?
- Барлық қарсыласпен ойнау қиын. Біреуді бөліп айту қиын. Жекелей команда етіп айтсам «Астана», «Қайрат» командаларымен ойнау қиын.
- Ең ыңғайсыз қақпашы.
- Дмитрий Непогодов. Өткен жылы ол «Ордабасы» сапында болды. Жаттығу барысында біз бәсекелестік – мен көп гол соғамын ба әлде ол көп сейв жасайды ма деп.
Қазір ол «Астана» командасына өтті. Мен Диманы ыңғайсыз қақпашы деп есептеймін, ол өте үлкен. (күледі)
- Есте қалған матч?
- Бірден еске түсіру қиын, бірақ ойыма Ақтөбедегі матч түсіп отыр. Өткен маусымда біз сонда ойнап 3:0 есебімен жеңдік, мен екі гол соғып, голдық пас бердім. Осы ойын үнемі еске түсіп тұрады.
- Қай матчты қайта ойнар едіңіз?
- Ол Еуропа Лигасындағы «Ботошани» командасымен. Мүмкіндік болғанда сол матчқа қайта оралар едік. Ол кезде салқын қандылық пен байсалдылық жетпеді. Соның нәтижесін өзгерткіміз келді.
- Тохтар Жаңғылышбай сол матчта бос қақпаға гол сала алмаған кезде не сезіндіңіз? Бразилияда осындай жағдайда жанкүйерлер ойыншыға не істер еді?
- Бірінші кезекте алаңда мұндай жағдайда Тоха секілді кез-келген ойыншы болуы мүмкін. Әрбір футболшы осындай сәтте мүлт кетуі мүмкін. Кінәлайтын ешкім жоқ. Менің мансабымда осындай жағдайлар болған. Жаңғылышбайға тек сәттілік жетіспеді. Бразилия жайлы айтар болсақ мұндай жағдайлар болып тұрады, жанкүйерлер Бразилияда қызу қанды, түрліше жағдай болу мүмкін. Алаңға жүгіріп шығып, немесе ойыннан кейін клубтық автобусқа басып кіруі мүмкін. (күледі)
- Қазақстан футболында және футзалда бразилиялық ойыншылар өте көп. Кіммен араласып тұрасыз? Сырттай бәсекелестік бар ма араларыңызда?
- Қазір Вагнер Лавпен араласамыз. Қазақстанға келер алдын «Қайраттың» физиотерапевті Диого Лейтеден көп ақпарат алдым, ол маған көп көмектесті. Сырттай бәсекелестік деген бізде жоқ.
- Вагнер Лав бірден «Қайрат» үшін голдар соға бастады. Егер ол үздік сұрмергендер сайысына түссе онымен бақталасу сіз үшін қаншалықты мәртебе болады?
- Біз бразилиялық ойыншы екенімізді ескерсек, мен ол үшін үнемі қуанамын, ол үшін жанкүйермін, әрине бізге қарсы ойнағанда олай болмайды. Ол Бразилия құрамасында ойнаған, мен үшін үлгі болған футболшы. Арамызда бақталастық жоқ.
- Шымкентте клубты өте жақсы қолдайды, команда жанкүйерлерсіз ойнауға үйренді ме?
- Мұндай жағдайларға үйренетін ойыншы жоқ шығар. Қолдаусыз, көрерменсіз, өзге алаңда ойнау қиын. Бос трибуналар футболшыға көмек бермейді, керісінше жағдайын қиындатуы мүмкін.
- Өткен маусымнан кейін өзге Қазақстандық клубтар сізге қызығушылық танытты ма?
- Маған тек сыбыс ретінде ақпараттар келіп тұрды. Мен туралы «Қайрат», «Ордабасы» басшылығымен сөйлескен секілді, бірақ бұл әңгіменің қаншалықты рас екенін білмеймін. Ал маған келген жалғыз ұсыныс «Тобылдан» болды. Бірақ Шымкентте өмір сүруге үйренген жанұяммен ақылдаса келе «Ордабасыда» қалуға бел будым. Бұл менің жақындарыммен және клуб басшылығымен ойлана келісілген шешім.
- «Ордабасы» клубының барлық легионерлерінің басынан клуб президенті Бахтияр Байсейітовпен болған оқиғалары бар. Ол өте ерекше, әсершіл адам. Сол кісімен араларыңызда болған қызықты оқиғаңыз бар ма?
- Даниярұлымен менде ондай оқиға болған жоқ. Жалғыз айтарым, сол кісінің бізге деген көзқарасы. Ол өте ерекше адам, одан тек мен қамқорлық сезінемін. Ол маған және өзге футболшыларға әке секілді. Тәулігіне 24 сағат ол командамен бірге, бізге не керектігін үнемі сұрап тұрады. Жанұямыздың жағдайын сұрайды. Бүкіл мансабымда ойыншыларға осылайша қамқор болатын президентті көрмеппін. Осындай басшыны кездестіруім алғаш рет.
- «Ордабасы» жанкүйерлеріне не тілейсіз?
- Айта кетейін, мен команда үшін, жанкүйерлер үшін алаңда бар күшімді саламын, Қалауым «Ордабасы» чемпиондықты немесе Кубокты жеңіп, клуб тарихында өз есімімді қалдырғым келеді. Жанкүйерлерге алғысым шексіз. Олардың қолдауын алыстан болса да сеземіз. Біз ұшін алаңдайды. Жанкүйерлер үшін барымызды саламыз.
Біздің серіктес: FONBET