Жозе Моуриньо мен Деян Станкович: Темірдей тәртіп пен адамгершіліктің үйлесімі

19.07.2025, 11:15

2008/2009 жылғы маусым. "Интер" Серия А-ны жеңіп, Скудеттоны еншілеп жатқан сәт. Бұл жеңіс тек ойыншылардың алаңдағы шеберлігімен емес, Жозе Моуриньоның ерекше басқару тәсілімен де келген еді.

Жозе Моуриньо мен Деян Станкович: Темірдей тәртіп пен адамгершіліктің үйлесімі

Маусым соңына бірнеше тур қалғанда, Португалиялық маман өз командасының жартылай қорғаушысы Деян Станковичке Дубайға демалуға рұқсат береді. Серб ойыншысы тек соңғы турға ғана оралып, чемпиондық медальін алып кетеді. Мұндай сенім мен еркіндік – Моуриньоның ерекше стилінің бір бөлігі. Ол өз ойыншыларынан максимум талап етеді, бірақ қажет кезінде адам ретінде де қолдау көрсетуді ұмытпайды.

Сол маусымда тағы бір қызық оқиға болды. Жозе Майконның әр маусымда жаңа жыл қарсаңында бесінші сары қағаз алып, Бразилияға демалысқа кететін әдетін байқайды. Сиенаға қарсы матч алдында бапкер ойыншыға ескерту жасайды:

— Егер әдеттегідей сары қағаз алсаң, бұл жолы ешқайда кетпейсің!

Майкон: — Ал егер гол салсам, кетуге бола ма?

Моуриньо: — Жоқ. Бірақ екі гол салсаң жарайды!

Ойын барысында Майкон дубль жасап, голдың бірін формасын шешіп тойлағаны үшін. сол бесінші ескертуін де алып тастады. Жаза орнына Жозе ойыншысына қосымша бір апта демалыс береді.

Қазір Станкович "Спартак" клубының бапкері. Ол Моуриньоның әдісіне тәнті болғанын жасырмайды. Оның айтуынша, “Жозе ойыншылардан көп талап етті, бірақ соның қайтарымын да молынан беретін” дейді. Деян өзі де дәл осы принциппен жұмыс істеуге тырысады.

Сондықтан да ол "Спартак” Ресей чемпионы атанса, командасын бір апта Дубайға демалысқа жіберуге уәде берді. Бұл ойыншылар үшін нағыз мотивация, маусымның алғашқы турында-ақ жеңіске ұмтылуға түрткі болмақ. Ал жанкүйерлер үшін бұл уәде Станковичті тек бапкер ғана емес, нағыз адам ретінде тануға мүмкіндік.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×